Әлемдегі алғашқы киборг адам қайтыс болды

Әлемдегі алғашқы киборг адам қайтыс болды
Фото: dailymail.co.uk

Әлемдегі алғашқы толыққанды киборг болған британдық ғалым, робототехник Питер Скотт-Морган 64 жасында қайтыс болды, - деп хабарлайды Daily Mail.

Басылымның мәліметінше, 2017 жылы ғалымнан бұлшықет атрофиясына әкелетін моторлы нейрондық ауру анықталған. Содан кейін ол заманауи ғылымның мүмкіндігін кеңейтуге күш салып, өмірін ұзарту үшін роботқа айналуды жөн санайды. 

Ғалым киборгқа айналу үшін бірқатар күрделі және қауіпті операциялар мен процедуралардан өткен. Сонымен қатар, оның бет бұлшықеттері атрофияға ұшырамас бұрын, ол өзінің виртуалды аватарын ойлап тауып, эмоцияларын мимикамен жеткізе алатын жасанды интеллект жасады.

Скотт-Морган, сонымен қатар, бірнеше компьютерді тек көзді қолдана отырып басқаруға мүмкіндік беретін технологияны зерттеді.

"Мен "киборг" дегенде, қарапайым киборг туралы емес, 13,8 миллиард жыл ішінде жасалған ең керемет кибернетикалық адам ағзасы туралы айтып отырмын",- деп жазған ғалым өзі туралы.

Осы жылдың басында ғалымның жағдайы нашарлай бастады. 15 маусымда Скотт-Морганның туыстары оның қайтыс болғаны туралы хабарлады.

М. Жәмішжанов