"Өзенмұнайгаз" аумағынан жұмысшы өлі табылды

"Өзенмұнайгаз" аумағынан жұмысшы өлі табылды
Фото: lada.kz

"Өзенмұнайгаз" АҚ МГӨБ-2 аумағында болған өрттен кейін жұмысшы өлі табылды, - деп хабарлайды lada.kz.

Өрт 15 маусымға қараған түні болған. Қаза тапқан адам жүккөтергіш машинисі, "Кезби" ЖШС қызметкері болған. Бұл туралы Маңғыстау облыстық ТЖД өкілі айтты.

Басылым мәліметінше, "Өзенмұнайгаз" АҚ МГӨБ-2 аумағында АПРС-40 көтергіш қондырғысы өртенген. Өрт 14 маусымда сағат 23:50-де басталған. Ол сағат 00:51-де ауыздықталған. Оқиға орнынан жұмысшының денесі табылған. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

"Қаза тапқан адам 1977 жылы туған. Ол - Бейнеу ауылының тумасы. "Кезби" ЖШС-де жүккөтергіш машинисі болып жұмыс істеді. Оқиға орнына 15 қызметкер, 3 ТЖД арнайы техникасы, сондай-ақ, Жаңаөзен Полиция бөлімінің қызметкерлері, жедел жәрдем дәрігерлері барды", - деді Маңғыстау облысы ТЖД өкілі.

Оқиғаға қатысты "Кезби" ЖШС өкілі де пікір білдірді.

"15 маусымға қараған түні біздің кәсіпорын қызмет көрсететін МГӨБ-2 аумағында көтергіш агрегат пен ұңғыма аузы өртенді. Құқық қорғау және уәкілетті органдар өрт себептерін тергеу және болған оқиғаны қалпына келтіру жұмыстарымен айналысады. 2014 жылы шығарылған бұл нысанда қолданылатын техниканың барлық қажет сертификаты бар. Оқиға орнында әріптесіміз, 1977 жылы туған жүккөтергіш машинистің денесі табылды", - деді компания өкілі.

"Кезби" ЖШС басшылығы марқұмның туыстарына көңіл айтып, жерлеуді ұйымдастыру шығындарын өз мойнына алуға уәде берді.

"Кәсіпорын жерлеуді ұйымдастыруды толық өз мойнына алады және марқұмның отбасына материалдық көмек көрсетеді", - деп қосты компания қызметкері.

Ж. Қадыржанова