Семейде көпқабатты үйден өрт шығып, 50 адам эвакуацияланды

Семейде көпқабатты үйден өрт шығып, 50 адам эвакуацияланды

Семейде көпқабатты үйде өрт болып 3 адам зардап шекті, 50 адам эвакуацияланды, - деп хабарлайды Semeynews.kz басылымы.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметі мәліметінше, өрт Семей қаласының Физкультурная көшесіндегі тоғыз қабатты тұрғын үйдің алтыншы қабатындағы пәтердің бірінде тұтанған. Үйдегі жиһаздар мен тұрмыстық техникалар түгелдей жанып кеткен. 

"Өрт сөндірушілер оқиға орнына жедел келіп, 6-қабатқа дейін автосаты арқылы шығып 2006 және 2008 жылы туылған екі баланы құтқарды. Ыс тиген балалар ауруханаға жатқызылды. Олардың анасы 42 жастағы пәтер иесі балаларын шығарамын деп, денесін күйік шалған. Ол да ауруханада. Тұрғын үйдегі 50 адам ғимараттан шығарылды. Қызыл жалын 32 шаршы метр аумақты шарпыды. Тілсіз жаумен күресуге 40 қызметкер мен 10 техника жұмылдырылды", - делінген баспасөз хабарламасында.

Г. Досымшалова