Петропавлда зейнеткерді көлік қағып өлтірді

Петропавлда зейнеткерді көлік қағып өлтірді
Фото: ©Tengrinews.kz

Петропавлда зейнеткерді көлік қағып кетті. 65 жастағы әйел жедел жәрдем келгенге дейін оқиға орнында қаза болды, - деп хабарлайды "КТК" телеарнасы.

Өңірлік ПД мәліметінше, оқиға 13 маусымда сағат 12:20 шамасында болған.

"Қожаберген жырау көшесінде Nissan маркалы көлікті тізгіндеген 39 жастағы тұрғын жаяу жүргіншілер өткелінде жолды кесіп өтіп бара жатқан әйелді қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 1957 жылы туған жәбірленуші жедел жәрдем бригадасы келгенше оқиға орнында қаза болды", - делінген хабарламада.

Дерек Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі "Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы" бойынша соталды тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілген. Соталды тергеу аясында полицейлер жол-көлік оқиғасының мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр. Бірқатар қажетті сараптама тағайындалған. Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, жүргізуші бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Д. Шәріпхан