Мас күйінде көлік жүргізудің заңдағы жазасы

Мас күйінде көлік жүргізудің заңдағы жазасы
Фото: yandex.kz

Қазақстанда биылдан бастап – 2020 жылдың басынан бері мас күйінде көлік жүргізгендерге қолданар жазаның түрі қатайған болатын. Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен заңға енгізілген өзгерістер еді.

Егер бұған дейін Қазақстанда мас күйінде рөлге отырғаны үшін жүргізушілерге айыппұл салынатын не 2 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылатын. Қазір олай емес. Енді мас күйінде көлік жүргізу мен апатқа ұшырау ауыр қылмыс қатарына енгізілді. Ал жазасы – бас бостандығынан айыру мен жүргізу куәлігінен өмір бойы айырылу. Зардап шегуші тараппен татуласуға рұқсат берілмейді.

Ал апат өлімге әкелген жағдайда Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 345-бабына сәйкес 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Егер азамат мас күйінде екі рет ұсталса, онда көлік жүргізу құқығынан өмір бойға айырылады.

Әлем елдерінің тәжірибесі

Мас күйінде көлікке отыру – ірі қылмыс. Мұны әлем елдерінің заң тәжірибесінен де байқауға болады.

Мәселен, көрші Ресейде мас күйінде бірінші рет ұсталған азамат 1,5 жыл жүргізуші куәлігінен айырылып, 30 мың рубль (400$) айыппұл, екінші рет ұсталса, 4 жыл жүргізу құқығынан айырылып, 300 мың рубль (4400 $) айыппұл салынады. Ал мас күйінде апатқа түссе, 9 жылға сотталады.

Беларусь үкіметі мас жүргізушінің көлігін тартып алып, конфискация жасайды әрі жүргізушіге 1200$ шамасында айыппұл төлетеді. Ауыр жағдай болса, 10 жыл бас бостағындығынан айырылады.

Қытайда мас күйінде апатқа түсіп, адам өлтірген жүргізуші өлім жазасына кесіледі. Ал жай мас күйінде ұсталса, 1-6 ай шамасында түрмеге отырады әрі 3 жыл жүргізу құқығынан айырылады. Рөлге отырған адамның қанында мүлдем алкоголь болмауы тиіс.

Жапонияда заң бұдан да қатал. Онда көлікке мас күйінде отырған жүргізушімен бірге жанында отырған жолаушылар да жазаға тартылады. Жолаушыларға 3000$ шамасында айыппұл салынады. Ал жүргізушіге шарап құйған бармен жұмысынан айырылады.

Еуропа елдерінде мас күйінде ұсталған азаматтар айыппұл төлейді, әр елде әртүрлі. Германияда 500 еуродан 3 мың еуроға дейін жетсе, Францияда 135 еуродан 4500 еуроға дейін жетеді. Францияда мас күйінде көлік апатына түскен жүргізушіге 35 мың еуро айыппұл салынады, ал кісі өліміне себепші болса, 10 жылға сотталады немесе 150 мың еуро айыппұл төлейді.

Қ. Слямбек