Google-дың негізін қалағандар компаниядан кетті

Google іздеу жүйесін жасап, компанияның негізін қалаған Ларри Пейдж бен Сергей Брин Alphabet (Google Inc-тің холдингі) компаниясындағы қызметтерінен кетіп, компанияны Google-дың бас директоры Сундар Пичаи басқаратыны белгілі болды. Ларри Пейдж бен Сергей Брин Стэнфорд университетінде танысып, 1998 жылы бірігіп Google атты интернет-компанияны құрған еді.

Енді компанияны Alphabet холдингінің басшысы Сундар Пичаи басқарады.

Сундар Пичаи 1972 жылы 12 шілдеде Үндістанның Ченнай қаласында дүниеге келген. Стэнфорд университетінің стипендиаты атанған соң, 1993 жылы АҚШ-қа қоныс аударған. MBA дипломын алып, Applied Materials, McKinsey & Co компанияларында жұмыс істеп үлгерген Сундар Google-ге 2004 жылы келді.

Сундар Пичаи 2004 жылдың 1 сәуірінде қатардағы жұмыскер ретінде қабылданды. Дәл осы кезде компания Gmail-ды іске қосып жатқан еді. Жұмысқа қабылданған соң, оған дәл осы сервисті дамыту тапсырылады.

Сундар кейін Google-тулбармен айналысады. Кейін ол басшылыққа Google Chrome браузерін жасауды ұсынады. Басында компания басшылары бұл идеяны қолдамайды. Алайда Сундар мен 10 инженер Chrome-ды жасырын жасап, басшылыққа ұсынады да, ақыры 2008 жылы Google Chrome іске қосылады. Қазіргі таңда қолданушылардың 67%-і интернетке осы браузермен кіреді. Google Chrome жобасынан кейін Сундардың қызметі өсе бастайды. 2008 жылы ол өнім жасау бойынша вице-президент, 2012 жылы Google Chrome мен фирмалық қосымшалардың вице-президенті болады. Кейін Android жүйесін, Google Drive, Google Maps-ты дамытумен айналысады. 2009 жылы Twitter оны командасына шақырады, алайда Google бейресми дерек бойынша 10-50 миллион аралығында доллар төлеп, қалдыруға көндірген. 2014 жылы оны Microsoft бас директорлыққа шақырады.

2015 жылы Google-дың негізін салушылар Ларри Пейдж бен Сергей Брин Alphabet компаниясын құрып, Google оның еншілес компаниясына айналып, оның бас директорлығына Сундар Пичаи барады. Енді 47 жастағы Сундар Пичай Google-мен қатар Alphabet-ті де басқарады.

Google-дың негізін қалаушылар Alphabet-те директорлар кеңесінің мүшесі, акционер ретінде компанияның дамуына атсалыса бермек.

"Егер компаниямыз  адам болса, 2019 жылы 21 жасқа толар еді. Бұл АҚШ-та кәмелетке толған адам саналады. Баламыздың ұясын тастап шығатын уақыт келді", – деді Пейдж бен Брин.