Fortune: 2030 жылға қарай 50 миллион адам жұмыссыз қалады

Fortune журналы алдағы 10 жылда 50 миллионға жуық адам жұмысынан айырылып, болашақта қай мамандықтар керексіз болып қалатынын жазды

Forrester зерттеу компаниясының анықтауы бойынша, 2030 жылға қарай жұмысы құжат, есеппен байланысты кеңсе қызметкерлерін жасанды интеллект алмастырады. Кеңседегі процестің 73%-і автоматтандырылып, қазір кеңседе істейтін 20 миллион адам қызметін ауыстыруға мәжбүр болады.

Дәл осындай жағдай азық-түлік дүкенінің сатушыларын да күтіп тұр. Қазірдің өзінде сауда саласында сатушылар мен кассирлерді машиналар алмастырып жатыр. Бұрын азық-түлік сканеріне 5 адам қатысқан болса, қазір оның барлығын бір машина істей алады.

Жасанды интеллект ақпараттық технологияның да орнын баспақ. Демек, болашақта бағдарламашыларға деген сұраныс төмендеп, код жазу автоматтанады.

"Бұл өте күрделі 10 жыл болмақ, 2030 жылға қарай проблема одан сайын өрши түседі, сондықтан дайын болыңыздар", - дейді компания.