Болашақта жоғалатын мамандықтар

Болашақта жоғалатын мамандықтар
Фото: shanbemag.ir

Адамзатқа қызмет көрсетіп келе жатқан мыңдаған кәсіп-өнер өмір бойы адам қажеттілігінен пайда болып, дамып келді. Адамның замана ағымына еріп асыққаны сонша, әр күні, сағат сайын жаңа кәсіптер пайда болып жатыр. Әрине, ол да адам қажеттілігінен. Көпшіліктің есінде, қазір қолданыста жүрген, құлағымыз үйреніп қалған кәсіптер осыдан 10-20 жыл бұрын мүлдем жоқ еді. Мысалы, ПК-менеджері, компьютердің жаңа бағдарламаларына қатысты мамандықтар... Батыста болса, нанотехнология мен 3D аниматоры мамандығындағылар енді-енді өз компьютерлерімен «тілдесуді» үйреніп жатқан болатын. Енді, назарымызды болашаққа қаратайық. Бірнеше он жылдан кейін қандай мамандықтар жоғалып, қандай мамандықтар пайда болуы мүмкін?

Қай мамандықтар жоғалады

Ғалымдардың мәлімдеуінше, автоматтандыру мен роботтандыру барысында біз білетін көптеген мамандықтар жоғалып кетуі мүмкін. Мысалы, есеп-кітап толық автоматтандырылғаннан кейін кассир деген мамандық толықтай жоғалады. Сонымен бірге, хат тасушылар мен жауынгерлік ұшақтарды басқаратын ұшқыштар да тарихқа айналады. Себебі, 2036 жылы адамдар хат-хабарлар және құжаттарды толық түрде электронды пошталар арқылы жіберуге көшеді. Ал, көкте жауынгер ұшақтар ұшқышсыз-ақ соғыса береді. Бұл бүгіннен басталып та кетті.

Роботтар жан-жақты айнадай ғып жылтыратып тазалап қоя беретін болғандықтан еден жуушыларға да жұмыс қалмайды. Болашақта кинотеатрлар да қаңырап қалуы мүмкін. Себебі, фильмдер интернет арқылы көрсетілуі жоспарланып жатыр. Мұғалімдерге қауіп төніп тұр. 2050 жылға қарай жасанды санаға ие роботтар балаларға сабақ бере бастайды. Есесіне, балабақшаларда, мектептерде балалар психологы мамандығына сұраныс артады деп күтілуде. Жүргізушілер де жұмыссыз қалады. Себебі, роботтар машиналардың апатқа ұшырау қаупін нөлдік пайызбен басқаратын болады.

Қандай мамандықты үйрену керек

Бірақ, алаңдауыңыз орынсыз. «Екі қолға бір күрек» қашан да табылады.  Бір мамандық жоғалса, орнын жаңа мамандық толтырып отырады. Тек, адам соған бейімделсе болғаны.  Сонымен алдағы уақытта қандай мамандықтарға сұраныс көп болуы мүмкін?

Роботтар қаншалықты әмбебап болса да, оларды адамдар басқарады, адамдар жасайды. Темір-терсек пен электроника бұйымдарын жақсы көретін адамдар алаңдамаса да болады. Олар үшін жұмыс жетіліп артылады. Сутек пен күн энергиясы, қала берді электрлі техникалар дамуы үшін көптеген жаңа зауыттар салына бастайды. Оған да роботтардан бөлек, адам қолының күші қажет болары сөзсіз.

Жоғарыда айтып кеткен жауынгерлік ұшақ ұшқыштарының да алаңдауы орынсыз. Олар енді дирижабльдерді басқарады. Дирижабльдер өткен ғасырдың 30-шы жылдарында пайда болған еді. Ғалымдардың мәлімдеуінше, әуе кемесінің әділетсіз ұмытылған бұл түрі қайтадан қолданысқа енгізілуі мүмкін.

Т. Раушанұлы