Қауіпсіз көлік бола ма?

Қауіпсіз көлік бола ма?
Фото: 1366x768.net

Әлемде қауіпсіз көлік бар ма? Жоқ деуге болады. Себебі әрбір тасымалдаушы транспорттың өз қаупі бар. Дегенмен алыс жолды жақын етіп, едәуір уақытты үнемдейтін көліктерден бірден бас тарту мүмкін емес. Сондықтан шама келсе сақтық шарасын қарастырып қандай көліктің тиімді екендігіне назар аударыңыздар. 

Мопедтер мен мотоциклдер

Әлемдегі ең қауіпті көліктердің көшін әзірге мопедтер мен мотоциклдер бастап тұр. Олар барлық авто жол трафигінің 1 пайызын құраса да, 20 пайыз жол апаты екі дөңгелекті тұлпарлардан келеді екен. Жылдамдықты шамадан тыс асыру, рөлге ие бола алмай қалу, ауа райының қолайсыздығы т.б. көптеген жағдай мотоцикл жүргізушілерінің өміріне қауіпті. Сонымен қатар, жаяу жолаушылардың да қақтығыстан кейін аман қалу жағдайы тым төмен.

Велосипед

Велосипедке деген сұраныс жыл өткен сайын артып келе жатқандығы белгілі. Алайда, соның салдарынан көптеген апаттық жағдай да жиілей түскен. Құқық қорғау қызметкерлерінің сөзіне жүгінсек, көптеген қақтығыс автокөліктер мен велосипедшілердің арасында орын алады екен. Жылдам жүру, жан-жағына қарамау, арнайы жолақпен жүрмеу сынды олқылықтар апатқа әкеледі.

Автобус

Автобустар көп адамды тасымалдаушы транспорт болғандықтан, апат орын алса, адам шығыны тез арада көбейіп кетеді. Сондықтан бұл көлік қауіпті болып келеді. Әсіресе екі қаланың арасын жалғайтын тұлпарлар жылдамдықты шамадан тыс асырған уақытта игеруі қиын болады. 

Автокөлік

Автокөлік қанша қауіпті болғанымен оның саны да едәуір көп. Сол себепті көптің арасынан қауіптілігі аса қатты білінбейді. Соңғы уақытта шығып жатқан сан алуан көлікке қауіпсіздік жастығы мен түрлі қорғаныс тетіктері орнатылған. 

Пойыз

Қазіргі таңдағы ең қауіпсіз көлік –пойыз болып тұр. Өзінің арнайы салынған жолымен жүріп, жолаушыларды да межелеген жеріне дін-аман жеткізуде. Көп апат болмағандықтан көптеген маман көліктің осы бір түрімен алыс жолдарға шығуға кеңес береді. 

Ал ұшақтардың соңғы уақыттағы апаттары жиілеп кеткендігінен қазіргі уақытта қай орынға тұрақтағаны белгісіз. Бірақ бір елден екінші елге жетуде ұшақтың пайдасы орасан. 

B. ZHAQSYMBET