Қазақстанда тұңғыш рет шығатын спорттық автокөліктер

Қазақстанда тұңғыш рет шығатын спорттық автокөліктер

Қазақстандық «АЗИЯ АВТО» көлік құрастыру зауыты үш есікті Kia Cerato Koup автомобильдерін шығара бастады. Отандық авто өнеркәсібі үшін аталған спорттық көліктер бұл бағыттағы алғашқысы болып отыр, деп хабарлайды baq.kz
Cerato Koup автомобилі еліміздегі кең сатылымды С-класты KIA Cerato көлігінің негізінде жасалған. Онда спорттық көліктерге тән барлық қасиет бар. Басқа купе класындағы автомобильдердің салоны тар болып келсе, Cerato Koup-те мұндай жоқ. Көлікте бес адамның еркін отыруына болады.

Жүксалғыш ауқымы – 440 литр. Тіпті жүгіңіз сыймай жатса, артқы орындықтарды жатқызып, жүксалғыш кеңістігін үлкейтуге болады. Бұл көлік қазақстандықтар үшін қолжетімді бағамен сатылмақ.

2012 жылдың басынан бері әлемде 300 мың KIA Cerato автокөлігі сатылған. Қазақстанда бұл модель С-санатындағы көліктер арасында сұранысқа ие седандардың біріне айналды. Зауыт басшылары Cerato Koup-ті де сәтті шығарылған көлік деп отыр және оның ел нарығында өз орнын тез табатынына  бек сенімді.
«Зауыттан спорттық автокөліктің шығуы өндірушінің дамығандығын, нарықта мықты орналасқандығын көрсетеді. Сатылым көрсеткіштері бұл сөзімізге айғақ: бүгінгі таңда KIA әлемдегі алғашқы бестіктің қатарында. Қазақстанда да сатылымы жағынан дәл солай» дейді зауыт қожайыны Ержан Мандиев.
Қазақстандықтарға Cerato Koup-тің толық комплектациялы үлгісі ұсынылады. Қозғалтқыш көлемі 2 литрлік көліктің қуаттылығы 156 ат күшіне тең.
Биылғы жылдың алғашқы сегіз айында «АЗИЯ АВТО» 9 239 автокөлік шығарды. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 2,55 есеге көп. Шығарылған өнімнің 30,8 пайызы KIA автокөліктері.

сурет:  baq.kz

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Б. Қосмағамбет