Енді көліктер мас жүргізушінің ырқына бағынбайды

Енді көліктер мас жүргізушінің ырқына бағынбайды
Фото: bauer-car-rental-uk.com

Алкогольді ішімдік ішіп, көлікті жүргізуге отыру түрлі жол апатына алып келетіні белгілі. Әлем елдері бұл проблеманы әрқалай шешуде. Бұл орайда АҚШ-тың тасжолдағы жол жүру қауіпсіздігінің ұлттық басқармасы көлік жүргізушісінің сау немесе мас күйде екенін анықтайтын технология құрастыруда. Америкалықтардың жаңа жобасы Driver Alcohol Detection System for Safety немесе қысқаша DADSS деп аталып, мас күйде көлік жүргізуге отырған адамның ешқайда бара алмайтынын қамтамасыз етпек.

Расында бұл бастама бірден қолдауға ие болды. Жаңа жүйе көлікке мінген жүргізушінің алдына орнатылатын арнайы тетіктердің көмегімен жұмыс істейді. Олардың бірі адамның демімен ауысқан ауаның құрамындағы алкоголь деңгейін анықтаса, екіншісі қозғалтқыш батырмасына инфрақызыл сканер кейпінде орнатылады. Батырма басылған бойда, сканер бармақтағы қанның құрамындағы алкогольдің деңгейін анықтайды. Егер адам бойында алькогольді ішімдіктің бар екені расталса, көлік қозғалтқышы іске қосылмайды.

The Detroit News ресурсының мәліметіне орай, әзірге АҚШ үкіметі DADSS гаджеттерін көлік жүргізушілеріне міндеттемейді. Дегенмен болашақта көліктің авто басқаруына келіспейтін жүргізушілер жаңа жүйені көлігіне орнататын болады. Сарапшы инженерлердің айтуынша, бұл шамамен бес жылдан кейін орын алмақ.

Көлік қауіпсіздігі басқармасының мамандары DADSS жобасы жол апаттарын алдын алудың ең ұтымды жолы екенін айтады. Дегенмен бұл идеяға қарсы америкалықтар да табылып жатыр. Айта кетсек, American Beverage Institute бизнес бастауы мұны құптамайтынын ресми жария етті. 

Ж. Өрісбай