Құлыпталған сайтқа қалай кіруге болады?

Құлыпталған сайтқа қалай кіруге болады?

Арагідік кейбір сайттарға кіруге болмайтын, шектеу қойылған болады. Мысалы, әдетте кеңседегі жұмыс орнында іскерлердің жұмыстан ойы аластамауы үшін әлеуметтік желілер мен өзге де бос уақытты жұмсайтын сайттарды жауып тастайды. Студенттердің де оқуға зейін қоюлары үшін ондай сайттарды ЖОО-ларда да жауып қоятыны бар.

Бүгін біз блокталған сайттарға кірудің тәсілдерін қарастырамыз.

Бірінші тәсіл. Блокталған сайтқа Google Translate арқылы кіру

Өздеріңізге белгілі Google корпорациясы ұсынған аударма жасайтын қызмет (translate.google.com) барлығына тегін. Аталған қызмет тек мәтіндерді аударып қана қоймай, толық веб сайттарды да аудара алады.

Интернет парақшасын аудару үшін бар болғаны беттің сілтемесін Translate қызметіне салып, «аудару» батырмасын басу ғана керек. Осылай кез-келген сайтты ашып алуға болады. Тек ол өзіңіз түсіне алатын өзге тілге аударылады.

Екінші тәсіл. Анонимайзерлер арқылы сайтқа кіру

Анонимайзер өзге сайттарға құпия түрде кіруге мүмкіндік беретін және сайт пен тұтынушының арасындағы делдал болатын қызмет. Бұл да бірінші тәсілге өте ұқсас келеді.

Блокталған сайтқа кіру үшін, алдымен, анонимайзерлік сайтқа кіру керек. Арнайы іздеу сызығына қажетті сайттың сілтемесін жазып, «өту» батырмасын басасыз. Содан кейін сізге қажет интернет парақшасы ашылады.

Беделді анонимайзерлер реті мыналар:

anonymouse.org

proxyforall.com

hidemyass.com

proxyeye.com

Үшінші тәсіл. Блокталған сайттарға іздеу қызметтерінің кэші арқылы кіру

Өзіңіз қолданатын іздеу қызметі инекстелген беттің кэш нұсқасын сақтап қалған болады. Бұл кіруге шектеу қойылған сайттарды көруге мүмкіндік береді.

Ол үшін іздеу арқылы керекті бетті табасыз. Сосын табылған ресурстың сақталған кэшін ашасыз. Google іздеуінде аталған функция «Сақталған көшірме», ал Yandex платформасында «Көшірме» деп тұрады.

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет: ©Massaget.kz

Ж. Өрісбай