Chairman - қазақстандық "Мерседес"

Chairman - қазақстандық "Мерседес"

Қазақстанда «AllurAuto» компаниялар тобының ынтымақтастығы қарқынды түрде дамып, көлік құрастыру өнеркәсібі елімізде кең етек алып жатыр. Осының арқасында «АгромашХолдингі» кореялық SsangYong көліктерін жинауға құқық беретін лицензияға қол жеткізіп отыр.

Естеріңізге сала кетсек, жақында Қостанайдағы авто зауыттардың бірінде ZAZ Сhance машинасының өндірісі бастау алған еді. Алда SsangYong көліктерінің басқа да үлгілерін құрастыру жоспарда бар. Желідегі ақпаратқа сенетін болсақ, жақын арада «Nomad» үлгісінің құрастырылуы мен сырлануы басталады. Бұл Оңтүстік Корея және Қазақстан компаниясының бірігіп құрастырмақ болған жетінші көлігі. Ал бұл өндірістің мақтанышы деп SsangYong Chairman үлгісін айтуға болады. Аталған көліктің презентациясы елімізде биыл өткізіліп, жоғары санаттағы шенеуніктер мен ұлттық компаниялардың басшылары осы көлікке мінеді деген сыбыс ғаламтор желісінде қарқынды түрде таралып кеткен еді.

«Chairman»  ағылшын тілінен аударғанда "төраға" деген мағынаны білдіреді. Яғни, көліктің аты да соны растап отырған сияқты. Бұл машинаға нағыз басқарушы адамдар міну керек. Көліктің ішінде қауіпсіздік жастығының 10 данасы, пневматикалық серіппелі салпыншақ (подвеска), музыкалық құрылғыға арналған орын, реттелмелі артқы отырғыштар бар. Айтпақшы артқы отырғыш қарапайым емес, оның массаж жасайтын құрылғысы мен вентиляционды жүйесі бар. Көлік салоны қымбат былғары мен ағаштың сирек түрімен әрленген. Бұндай жоғары деңгейлі көліктің бағасы да аз емес - 60 мың АҚШ доллар.

AllurAuto компаниялар тобының президенті Андрей Лаврентьев бұл көліктердің машиналық жиынтық болып елімізге жеткізіліп, осында құрастырылатынын өндірістік процесс барысында сөз еткен. Осылайша елімізде бұндай тәсілмен жиналған көлік саны алтау болып, олар тиісті сертификациялаудан өтті. Осы жылдың аяғына дейін 200 көліктің құрастырылуы жоспарда бар.

Қазақстан бұндай көліктерді құрастыру үшін көптеген сынақтар мен кореялық компаниялардың аудиторлық тексерістерден өтіп, лицензияға қол жеткізді. Бұндай көліктің құрастырылуына басқа темір тұлпарлармен салыстырғанда 4 есе уақыт көп жұмсалады. Әлбетте, көлік сапасы жоғары болуы керек. «Chairman» қазақстандық өлшемдермен «Е» санаттағы көліктерге жатқызылатын болады. Бұл санатқа халқымызға танымал Тойота Камри жатады. Айтпақшы көліктегі қозғалтқыш пен беріліс қорабы Mercedes-Benz компаниясының үлгілеріндей.

Суреттен байқасаңыз, «Chairman» сыртқы дизайны Мерседеске өте ұқсас болып келеді. 

Сурет: idrivekz, quorum.kz