Әйгілі Golf тарихы

Әйгілі Golf тарихы

Бүгінгі әңгімеміз жеңіл автокөліктер тарихындағы аты аңызға айналған Volkswagen Golf темір тұлпары жайлы болмақ. Неміс өндірушісінің бұл үлгісі бүгінде әлемнің әр тарабына танымал. Біріміз бұл көліктің құлағында ойнасақ, енді біріміз жолаушы ретінде жайлы орындығына бір рет болса да отырып көрдік. Бұл үлгі автоөндірісте жайлылық пен экономикалық тиімділіктің эталоны ретінде танылады. 1974 жылы итальяндық дизайнер Giorgetto Giugiaro Golf-1 үлгісінің дизайнын жасап, темір тұлпардың жарық көруіне өз септігін тигізген. Кезінде АҚШ пен Канада елдерінде осы үлгі Volkswagen Rabbit атты сауда белгісімен сатылса, Латын Америкасында неміс темір тұлпары Volkswagen Caribe деп аталды. 1983 жылы Германия, Франция, Нидерланды, Испания, Австрия, Швейцария, Финляндия, Жапония, АҚШ пен Ұлыбритания елдерінде құрастырылған екінші «Гольфтың» 6 млн данасы бүкіл дүниежүзінің түкпір-түкпіріне тараған.

Арзан бағасы мен қызмет көрсету тиімділігінің арқасында екінші «гольф» тез арада халықтың көңілінен шығып, сүйікті көліктердің біріне айналды. Бұл көліктің Golf II GTI мен 7000 дана ғана болып шығарылған Golf Country атты және т.б. көптеген модификациялары бар. Көлікке көлемі 1.3, 1.6, 1.8, 2 л бензиндік және 1.6 л дизельдік қозғалтқыштар орнатқан. Көлемі 1.8 л қозғалтқыштарда электронды басқару жүйесі бар механикалық бүрку технологиясы қолданылды.


Капотының астында 8 клапанды 112 а.к. бар «зымыран гольфтың» GTI модификациясы жайлы бөлек әңгіме айтса да болады. Үлгі гаммасы 1985 жылы шыққан GTI 16V 139 а.к. модификасиясымен толықтырылды. 1992 жылы екінші «гольфтың» орнын басқан жаңа Golf III 1991-1997 жылдары шығарылған.  Бензиндік және дизельдік қозғалтқыштары бар «гольфтың» 4 ұрпағы 1997-2004 жылдар аралығында хэтчбек, универсал, кабриолет шанағында шығарылды.

2003 жылы Франкфурт қаласында өткен авто көрмеде аты аңызға айналған көліктің бесінші ұрпағы халық назарына ұсынылды. Жаңа «гольф» Volkswagen Group A5 платформаның негізінде құрастырылды. 2008 жылы Париж автосалонында көрсетілген алтыншы ұрпақ та осы платформа негізінде орындалған. Көліктің 1,6 Trendline ; 1,6 Trendline DSG; 1,4 Trendline TSI; 1,4 Trendline TSI, DSG; 1,4 Highline, TSI; GTI 2.0; GTI 2.0, DSG жинақталулары бар. Euro NCAP қауіпсіздік рейтингі бойынша, бұл көлік 5 жұлдызға бағаланды. Қазір осы ұрпақ Германияның Вольфсбург қаласында құрастырылып жатыр. Бүкіл автоөндірістің дамуына түрткі болған Volkswagen Golf қазір де танымал көліктердің бірі. Гольфстримнің жылы ағысынан пайда болған атау қазірдің өзінде де неміс халық автокөлігі маркасын  биіктерге өрлетіп тұр.

Форумда талқылайық.

Суреттер mygolf2.com wallpapers-diq.com сайттарынан алынған