Mercedes w-140: "Қабан"

Mercedes w-140: "Қабан"

Естеріңізде бар болса, редакциямыз сіздерді ертеректе Mercedes-Benz маркасының пайда болу тарихымен таныстырып өткен болатын. Енді біздер осы марканың ерекше үлгісі жайлы айтып кетпекшіміз. Көптеген орыс әнектерінде осы көлік жайлы өте жиі-жиі сөз етіледі. Әдетте, бұл әнектер осылай басталады: Күндердің бір күнінде жолда бір "600 Мерс" келе жатады... "Неге "600 мерс?" деген сұрақ туындауы мүмкін. Жауап беруге тырысайық. Өткен ғасырдың 90- жылдары пайда болған w-140 шанақтағы Мерседес байлықтың, іскерлік пен белгілі бір "күштің" эталоны ретінде танылғандықтан, ол пост кеңестік республикалар жеріндегі барша автосүйер қауымның сүйікті көлігіне айналған. Бұл Мерседес көптеген ел басшылардың, президенттер мен министрлердің, өнер адамдарының сүйікті көлігіне айналған. Неміс автокөлік өндірушінің өнімі біздің халыққа ұнағаны соншалықты, тіпті оған байланысты жүздеген әнек жарық көрген. Халқымыз көліктің сыртқы пішініне қарап, оны еркелетіп "Қабан" деп те атап кеткенін айтып кетпесек болмайды. 

Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі біздің әңгімеміз автоәлемдегі елеулі нәтижеге қол жеткізген атақты неміс өндірушінің өнімі, қарапайым халықтың жадында "Қабан" деген атпен белгілі w-140 шанағындағы "Мерседес" жайлы болмақ. Тарихты парақтап көрейік.

1990 жылға таман Mercedes-Benz-тің үшқырлы жұлдызы сәл көріктілігін жоғалқандай болды. Сәулетті көлік шығарушылардың қатарында Toyota, типті Nissan компаниялары болды. Сол кезде, неміс автоөндірушісі барша қауымды жаңа S-klasse үлгісімен таң қалдырған. Өлшемі мен көлік салонының кеңдігі, сондай-ақ сыртқы дизайнындағы жаңа формалардың заманауилығы жаңа "W140-ты" өзгелерден бір қадам алға жылжытқан. 1991 жылы Женевада өткен автокөрмеде жаңа "Мерседес" көптеген халықтың көңілінен шыққан. Қазіргі өлшемдермен салыстырғанда, үлкен (5115/5215х1885х1485 мм) әрі ауыр  (2,56-2,72 т) төрт есікті седан көлемі 6 л, 394-а. күшті (марка тарихында алғаш рет) 12 цилиндірлі қозғалтқышпен жабдықталатын. Бұған қоса, "қабан" 5-диапазонды автоматты беріліс қорабымен жабдықталып, көлікті 100 ш/с жылдамдыққа 6,6 с уақыт ішінде апарған. Айтпақшы, Еуропа елдерінде "w-140-ты" "Піл" деп те атаған.

Көліктің ішіндегі шуылдың деңгейін төмендету үшін өндірушілер шанақтың беріктілігін қатайтқандықтан, "Мерседестің" бұрылыс кезінде қисаюы бейтараптандырылды. Сондай-ақ, терезелер мен шамдардың "терлеу" мәселесін шешу үшін мерседестегілер жаңа шыны мен пластикті қолданды. Осының арқасында көліктің шуыл деңгейі де мейлінше төмендетілді.

"Осы көлікпен келе жатсаң, жолда өзіңді патша ретінде сезінесің. Қасындағы басқа көліктер саған бағынатындай. Бәрі сені құрметтеп, жол береді. Жол бермегендерді газды басып, езіп тастай аласың! Бәрі сенің қолыңда"-деген екен "w-140" иесі Альберт Коул. Осы пікірмен барлығымыз да келісеміз. Көлік салмақты әрі үлкен болғанымен, заманауи "спорткарлармен" жарыса алады, тіпті олардан озып кететіндей күші бар.

Көліктің қозғалтқыш көлемі үлкен болғанына және жағар-жанармай бағасынынң күннен-күнге өсіп отыруына қарамастан, халқымыздың оны "тамақтандыруға" ақшасы жетеді. Өйткені мұндай "мерспен" жүрудің өзі бір мәртебе

Уақыт өткен сайын w-140-тың түр-түрі пайда болып, оның жетілдірілуі бір сәтке де тоқтатылмады. Осылайша 1995 жылы шыққан көліктерде жүргізушіге көлікті тұраққа қоюға көмектесетін парктроник жүйесі пайда болды. Кейін, көлікте есіктің толықтай жабуын қадағалайтын механизм орнатылды. Сондай-ақ, жағар-жанармайды үнемдейтін жүйелер мен қозғалтқыштар орнатылып, көліктің дизельді нұсқасы да шығарылған.

1998 жылы Париж қаласында ұйымдастырылған автокөрмеде халық назарына S-класстың жаңа W 220 шанағындағы 6 үлгісі көрсетілді. Бұл ұрпақ 7 жыл бойы шығарылып жүрген w-140 орнын басуға келген еді. Дәл сол кезде Зиндельяингелдегі зауытта W140-тың өндірісі тоқтаған болатын. Тек Pullman лимузиндері мен үлгінің арнайы түрлерінің жасалуы тоқтатылмады. 1998 жылдың қыркүйегіне таман барлығы  406 532 "қабан" шығарылды. Оның ішінде 28101-і дизельді қозғалтқышпен қамтылған.

Иә, осылайша 1998 жылы 7 жыл бойы шығарылып жүрген "қабанның" өндірісі аяқталып, оның орнына халқымыз еркелеп атап жүрген "түлкі" яғни w-220 шанағындағы Mercedes-тер пайда бола бастады. Қазірдің өзінде де автокөліктер нарығында "қабандар" үлкен сұранысқа ие болып, халқымыздың оған деген махаббаты суымаған көрінеді. Неге екенін бәріміз жақсы білеміз. Әйгілі үлгінің шығарылуы аяқталғанымен, оның тарихына нүкте қоюға әлі ерте деп ойлаймыз. Әзірге ерте, бірақ бірнеше жылдан кейін онымен қоштасуға тура келеді. Өкінішті...

Суреттер: mercedes-w140.ru