Бұғыны көлік апатынан сақтайтын бояу

Бұғыны көлік апатынан сақтайтын бояу

Көлік жүргізушілері жолдан өтіп бара жатқан жан-жануарды алыстан байқауы үшін бұғытанушылар бұғының мүйізіне фосфорлы сыр жағып қойған. Өздеріңіз білетіндей, фосфор түнде жарқырап, көзге бірден түседі. 

Бұл – Финляндияның бұғылар қауымдастығы ойлап тапқан әдіс.

Бұғылар қауымдастығы бұл сыр мүйізде ұзақ тұра ма, әлде бұғының терісінде ұзақ сақтала ма деген сұраққа бас қатыруда. Дегенмен не де болса, бұл бұғыны аман сақтауда тиімді әрі шығыны аз тәсіл болғаны рас. Өйткені бұғы көліктен қорқатын жануарлар қатарына жатпайды. Кербез жануар кейде ызғып келе жатқан көліктің қақ алдынан тұтқиылдан атып шығып, көлік жүргізушісіне де, өзіне де кесірін тигізеді.

Жыл сайын Финляндияда 3,5-тен 4,5 мыңға дейін бұғыға қатысы бар жол көлік оқиғасы тіркеледі. Оның 40 пайызы қараша, желтоқсан айларында болады. Бұғы жолдан жүгіріп өткендегі ең қауіпті уақыт – түскі сағат 3-тен кешкі 7-ге дейінгі уақыт екен.

Егер нақты нәтиже берсе, бұғытанушылар Финляндияның барлық бұғысына фосфорлы сыр жағып қоймақ.

Несі бар, «жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» демекші, бұл тұрғыда біздің де бұғытанушылар ойлануы керек шығар?

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: dorogirussia.ru

М. Оңғарова