Қазіргі бағамен салыстыр: 1950 жылдары көліктің құны қанша еді?

Елде көлік қымбаттап жатқаны жасырын емес. Әсіресе ескі көліктің қымбаттағаны жағымсыз. Осындайда бұрынғы ғасырдың көліктері қандай бағада сатылды, қазіргі құны қанша деген сынды сауал тууы мүмкін. Оның үстіне, 1950-70 жылғы фильмдерді көріп отырып, көлікті қаншаға сатып алып жатқанын естіп таңданатынымыз да бар.

Ендеше өткен ғасырдың орта ширегінде, әсіресе АҚШ пен КСРО үшін көлік индустриясының "алтын ғасыры" болған кезеңде көлік құны қанша еді, соған бір сәт үңіліп, қазіргі бағамен салыстырып көрейікші.

АҚШ-тағы баға

1950 жылдары автопром өндірісі АҚШ экономикасының қанжығасын майлаған нағыз табысты салаға айналды. Жыл сайын конвейерден 5-6 млн дана көлік шығарылып жатқан кез. Оның үстіне, сол заманның көліктерін көрсеңіз... Автомат қорапты көліктер Америка сол уақытта-ақ шығарыла бастаған.

Қозғалтқышы V8, жоғары клапанды, кондиционері мен рөлінде гидроүдеткіші бар, терезесі электроникамен ашып-жабылатын классикалық көліктер-тұғын. Көлік модельдері екі-үш жылда, тіпті бір жыл сайын ауысып тұратын. Сол кезеңнің көліктеріне тән дизайн элементі – ғарыш кемесіне ұқсас етіп шығару еді. Кейінгі көліктердің артына "қанат", "желбезек", "құйрық" орнату сынды тенденциялар басым болды.

Соған орай, көлік бағасы қымбат еді. Мәселен, сол эпоханың ең танымал көліктерінің бірі – Roadmaster Skylark-тің құны 5000$ болды. Бұл соманы қазіргі уақыттың валютасына шақтасақ, 49 000-50 000 долларға тең келеді. Ал осы бағаны АҚШ-тың сол жылғы экономикалық жағдайымен, халықтың әл-ауқатымен салыстырсақ, әжептеуір ақша екен.

1950 жылдары Америкада жұмысшылар жылына 1550 доллар табыс табатын. Ең төменгі жалақы – сағатына 75 цент (қазір шамамен, 8-9 доллар). Мемлекеттік қызметкерлердің жылдық табысы – 2758$, мұғалімдікі – 2794$, дәрігердікі –2067$. АҚШ Сауда министрлігінің 1952 жылғы есебінде америка азаматтарының жылдық жанұя табысы – 3300$ деп көрсетілген.

Ал сол кезеңдегі АҚШ-тағы үйдің орташа бағасы – 7354$ болған. Бір галлон бензиннің (3,78 литр) бағасы – 27 цент, бір бөлке нан – 14 цент болды. Осы мәліметтерді салыстыра отырып, бір көліктің бағасы қаншалық қымбат не арзан болғанын өзіңіз-ақ есептеп аласыз.

Басқа көліктердің бағасына келейік. Өйткені Skylark сол заманда ең қымбат көліктің бірі еді.

General Motors-тің Cadillac Series 75 көлігі 4950$, ал 60-шы сериялы арзандау түрі – 3400$,  Chevrolet Corvette – 3490$ сатылды.

Арзан көліктер де бар, әрине. Мәселен, Ford Custom-ның автомат қораптысы – 1800$, ал механикалық қорабы – 1590$ болды. Chevrolet Bel Air – 1741$, Chevrolet Deluxe – 1492$ сатылған. Бұл көліктердің қуаты қазіргі арзан бағамен сатылып жатқан көліктерден әлдеқайда көп. Мәселен, Ford Custom қуаты 100 аттың күшіне, Chevrolet Bel Air 92 аттың күшіне тең. 

Ал АҚШ-та сатылған КСРО-ның Уаз-ы 2500$-ден басталады. 

КСРО-дағы баға

Кеңес кезінде жеңіл көлік – нағыз байлық болды. Оған белді, қызметті, бақуатты адамдар болмаса, қарапайым адамның қолы жетуі екіталай еді.  Көлік – қозғалыс құралы емес, бақ-дәулеттің символындай көрінді. КСРО құрастырған көліктердің техникалық базасы әлсіз болса да, құны АҚШ-тағы қымбат көліктермен бірдей болды. 

КСРО-да көлік индустриясы 1960-70 жылдары дамығандықтан, осы кезеңнің бағасын алып көрейік. Мәселен, "Жигули" ВАЗ-2101 жеңіл көлігінің 1975 жылғы бағасы – 5620 сомды қазіргі теңгемен есептесек, 8,5 млн теңгеге шақ келеді.

Ал "Запорожец" ЗАЗ-966 бағасы – 3000 сом (4,8 млн теңге). 1975 жылдары "Москвич-412" 4936 сомға немесе 7,9 млн теңгеге сатылған. Бұл қазіргі жаңа кроссоверлердің бағасымен бірдей.

"Волга" ГАЗ-21-дің бағасы 8500 сом немесе 13,6 млн теңге. Бұл – жап-жаңа Camry-дің бағасымен бірдей екен.