Қысқы дөңгелекті қалай таңдаған жөн?

Қысқы дөңгелекті қалай таңдаған жөн?
Фото: in2tires.com

Әр мезгілдің өзіне ғана арналған дөңгелегі бар екенін әрбір жүргізуші білуге міндетті. Жазда жаздық, қыста қыстық дөңгелекпен жүрген абзал. Ал ел арасында "әрмезгілдік шина" аталып кеткен дөңгелектерді тек көктем не күзде, яғни жаз бен қыстың ортаңғы мезгілінде қолданған жөн.  

Тікенекті (шегелі) әлде фрикциялық (жабысқақ) дөңгелекті таңдаған дұрыс? 

Әдетте қалада көп жүретін жүргізушілер фрикциялық дөңгелекті таңдайды. Өйткені тікенекті дөңгелек қалың қыс түсетін, тайғақ жолға арналған. Фрикциялық дөңгелек скандинавиялық және жалпы еуропалық болып екіге бөлінеді. Екеуі де тас жолда да, қарда да өзін жақсы сезінеді. Дегенмен қар көп түсетін аймақ жүргізушілеріне скандинавиялық дөңгелекті алуға кеңес беріледі. Ал еуропалық дөңгелектер ылғалды, сулы қарлы, жаңбырлы аймақтарға арналған. Қар үйінділерінен оңай өтеді, аязды күні құрғақ асфальтта да жеңіл жүреді, бірақ көктайғақта сақ болуды талап етеді.

Тікенекті дөңгелек тайғақта өзін нық сезінетініне қарамастан, тас жолда сырғанауы мүмкін. Оған қоса жолда жағымсыз дауыс шығатынын да ескеркен жөн. Алайда қала сыртына, ауылды жолға, тауға шығарда тікенекті дөңгелекті таңдаған дұрыс.

Тағы бір ескеретін жайт, дөңгелекті сатып аларда оның жасалған уақытына мән беріп, тексеріп алу керек. Өйткені өндірушілер тек 2 жылға дейін кепілдік береді. Егер дөңгелек қоймада көп сақталған болса, сапасы нашарлай береді. Жасалған күнін тексеру үшін дөңгелектің қырындағы төрт санды қарау қажет. Алғашқы екеуі апта, қалған екеуі шығарылған жылын білдіреді. 

Мамандар қысқы дөңгелекке қазан айының соңынан қарашаның басында дейін ауыстыруға кеңес береді. Өйткені ауа температурасы -5 градуста жазғы дөңгелек қатып, жолда қауіп төндіреді. 

Қысқы уақытта, 1 желтоқсаннан бастап ақпанның соңына дейін, "М+S", "M&S", "M S" белгілері бар, тау және қар белгісі бейнеленген қысқы дөңгелектер салынбаған көлікпен жүруге тыйым салынады. Дөңгелегін уақытылы айырбастамаған жүргізушілерге заң жүзінде 5 АЕК, яғни 11 345 теңге айыппұл салынады. Айыппұлдан бөлек, көлік иесі мемлекеттік нөмірінен де айырылып қалуы мүмкін.

А. Рысдәулет