Daimler автокөлік компаниясына 870 миллион еуро айыппұл салынды

Daimler автокөлік компаниясына 870 миллион еуро айыппұл салынды
Фото: reuters.com

Германияның Daimler автокөлік компаниясына  дизельді жанжалға байланысты 870 миллион еуро айыппұл салынған. Штутгарт округі прокуратурасы дизельді автомобильдерде азот диоксиді шығарындыларының белгіленген лимиттерден асып кетуіне қарамастан компания өз темір тұлпарларын сатуға шығарғанын айыптаған.

Аталған компания 2008 жылдан бері 684 000 автомобилін саудалаған. Олар Федералды автомобиль транспорты әкімшілігінің бұйрығымен кері қайтарылып алынған.

Концерн төлейтін шығынға құқық бұзушылық үшін 4 миллион еуро айыппұл және 866 миллион еуро заңсыз кірісі кіреді.

Daimler бұл соманы Баден-Вюртемберг федералды қазынасына 6 апта ішінде төлеуі керек. Автокнцерн прокуратура шешіміне шағым жоқ екенін, айыппұл уақытында төленетінін мәлімдеген. 

Айта кетейік, Даймлер акционерлік қоғамы (бұрынғы атауы DaimlerChrysler) Германияның ірі автокөлік шығаратын трансұлттық корпорациясы. Daimler AG штаб-пәтері Штутгарт қаласында орналасқан.

Daimler-Benz AG концерні 1926 жылы Daimler Motoren Gesellschaft және Benz & Cie атты екі компанияның бірігуінің нәтижесінде құрылған. 1998 жылы компания Chrysler тобын сатып алып, атауын DaimlerChrysler AG деп өзгертті. Chrysler акцияларын Cerberus Capital Management инвестициялық қорына сатқаннан кейін, компания қайтадан Daimler AG болып өзгертілген.

Компанияда 288 500-ге жуық жұмысшы бар. Ал активтері 230 миллиард еуроға жуық. Жылдық табысы шамамен 9 миллиард еуро.

Т. Раушанұлы