Toyota көлік салонын хош иістендіретін құрылғыны патенттеді

Toyota көлік салонын хош иістендіретін құрылғыны патенттеді
Фото: AutoIWC.ru

Жапонияның Toyota компаниясы автокөлік салонын хош иістендіретін құрылғыны патенттеп алды. Жаңа құрылғы жүйесі көлік иесін танып, оған ұнайтын иіспен салонды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ көлікті өзге біреу ұрлап бара жатқанда да көмегі болмақ.

Компания ұсынған деректер бойынша құрылғы көлік иесін ұялы телефоны арқылы анықтайды. Қажетті хош иіс те смартфон бойынша таңдалады. Құрылғыда бір емес, бірнеше иіс түрлерін таңдауға болады. Ал иіс қажет емес болған жағдайда салонды бастапқы қалпына келтіру мүмкіндігі де бар.

Бір көлікті бірнеше адам басқарар болса да қиындық тудырмайды. Арнайы мүмкіндіктері қарастырылған. Ал өзге біреу ұрлап бара жатқан жағдайда құрылғы парфюмнің орнына көзден жас ағызатын газ бөледі. Toyota автоұрылардан осылайша қорғанудың жолын ұсынбақ.

Н. Үсенова