Алғаш рет жүргізушісіз таксилер тәжірибесі басталды

Алғаш рет жүргізушісіз таксилер тәжірибесі басталды
Фото: connectionjapan.com

Жапонияның "Hinomaru Kotsu" жолаушылар тасымалдайтын компаниясы "ZMP" фирмасымен бірігіп, бүгіннен бастап адамдарды жүргізушісіз көліктерде тасымалдау бойынша алғашқы сынағын бастады. 

Машиналар Токионың Отэмати темір жол станциясынан Роппонги ауданы арасындағы арнайы белгіленген бағыт бойынша жүреді. Тәжірибе 8 қыркүйекке дейін жалғасады. Toyota минивэн негізінде жасалған жүргізушісіз көлік күніне екі мекен-жай аралығына 4 рейс жасайды. 

Сапар барысындағы әрекет автоматты түрде жүзеге асырылады, бірақ рөл алдында оқыс жағдайда тізгінді өз қолына алатын жүргізуші отырады. Тәжірибеге кез келген адам қатыса алады. Жол ақысы 1500 иен (14 доллар). 

"Hinomaru Kotsu" компаниясының мәліметі бойынша, бұл тәжірибе жүргізуші жетіспеушілігінің алдын алады. Егер сынақ сәтті болса, Токиода 2020 жылғы жазғы Олимпиада ойындарына дейін робот таксилер жұмыс істей бастайды. 

Жапония үкіметі 2017 жыл жүргізушісіз басқарылатын технологияларды дамыту және экологиялық таза машиналардың жаңа ұрпағын жасау үшін 2,82 триллион (25 миллиард доллар) қаржы бөлген. Үкімет 2030 жылға дейін Жапонияда әр бесінші машина жүргізушісіз электр көліктері болуын жоспарлап отыр.

Т. Раушанұлы