140 миллионға 1967 жылы шыққан ЗИЛ сатып аласыз ба?

140 миллионға 1967 жылы шыққан ЗИЛ сатып аласыз ба?
Фото: MotorRu

1967 жылы зауыттан шыққан ЗИЛ-118 "Юность" автокөлігінің қазіргі кезеңде тек 20 данасы сақталған. Жақында осы жиырманың біреуі сатылатыны белгілі болды. Хабарландыру Avito сайтында жарияланды.

Зауыттан шыққанына тұп-тура жарты ғасыр болса да көліктің сапасы жоғарғы деңгейде. Тіпті судай жаңа деп айтуға әбден лайық. Атаулы шағын автобус бар болғаны 100 шақырым жол жүрген. Бұл көлікті, тіпті "И черт с нами" фильмін түсіру кезінде де көрініс арасындағы көркемдік үшін пайдаланған екен.

Автокөлікке құмар жандардың арасында зор танымалдыққа ие дәл осы көлік теңгеге шаққанда 140 миллионға бағаланған. Мақтаулы көлік дәл осы бағамен жақында жарық көретін "Rolls-Royce" компаниясының жол талғамайтын Cullinan көлігінен де асып түсті.

Автобусқа 17 адам еркін сияды. Барлық ішкі құрылғыларының және моторының түпнұсқасы сақталған. Қозғалтқышы 150 аттың күшіне тең болса, максималды жылдамдығы – 120 км/сағ. Орташа есеппен 100 шақырымға 28 литр жанармайды азық етеді.

Осылайша көнеден келген естеліктер уақыт өте көмбеден шыққан саф алтындай сатылып жатыр. Естеріңізде болса, былтырғы жылдың аяғында да ЗИЛ-4112Р лимузині 350 миллион теңгеге бағаланған еді.

А. Қажиев