2013 жылы ең көп сатылған автокөліктер

2013 жылы ең көп сатылған автокөліктер

2013 жылы әлемдік саудада ең көп танымалдыққа ие болып, саны жағынан ең көп сатылған автокөліктер легінің рейтингі белгілі болды. Бұл туралы LMC Automotive хабарлап отыр.

Бұл жылы көбіне жеңіл көліктердің саудасы қызды. Жеңіл автокөліктерге деген сұраныс жылдағы көрсеткіштен арта түскен. LMC Automotive берген мәлімет бойынша, барлығы 83,5 миллион көлік өз иелерін тауыпты. Бұл көрсеткіш төртінші жыл қатарынан рекордтық нәтижеге көтеріліп отыр. 2009 жылдан бері статистика бойынша автокөліктердің сатылым көрсеткіші 31%-ға жоғарылаған. Ал бұл көрсеткішті басты назарға алған мамандар 2020 жылы жеңіл көліктердің жылдық саудадағы саны 117 миллионды құрамақ. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 40%-ға көтеріледі деген сөз. Сонымен 2013 жылы ең көп сатылған автокөліктер тізіміне кезек берейік:

1. Ford Focus


Ford Focus әлемдегі екінші жыл қатарынан ең көп сатылған автокөліктердің көшін бастап тұр. LMC Automotive берген статистика бойынша, бұл үлгідегі 1 059 574 көлік өз иелерін тапқан. Ford компаниясының бұл көлікті шығарудағы басты ұстанымы да негізінен санын аз шығару болып табылады. Нарықта саны аса көп бола бермейтін көліктің бағасы мен сұранысы да жоғары болатынын алдын-ала ескерсе керек-ті. Олар басты қарсыласы саналатын Toyota Corolla көлігін тағы да басып озды.

2. Toyota Corolla


Toyota Corolla 2014 жылы жаңа үлгімен нарыққа салынбақ. Көліктің сыртқы дизайнымен қатар, басқарылуы да ыңғайлы бола түспек. Екі жыл қатарынан жылдың ең танымал және көп сатылған автокөлігі атағына көтеріле алмай келеді. Бәлкім жаңа үлгідегі нұсқасы көпшілікке ұнап қалар. Бұл жылғы нарықта 1 001 141 Toyota Corolla сатылыпты.

3. Volkswagen Jetta


Бұл автокөліктің бірнеше нұсқадағы үлгілері сатылымға шықты. Олардың қатарында VW Vento және Bora үлгілері бар. Өзге көліктерден айырмашылығы – қозғалтқышқа таңдау жасайтындай дәрежеде болуы. 2013 жылы бұл автокөліктің 905 869 данасы сатылған.

4. Hyundai Elantra


Оңтүстік Кореялық автокөлік өндіретін Hyundai компаниясы 2013 жылы ірі жетістіктерге қол жеткізді. Әлемдік нарықта спорттық үлгідегі Hyundai Elantra (ішкі саудада Avante деген атпен сатылды) автокөлігіне сұраныс мол болды. 2013 жылы бұл үлгідегі көліктің сатылым саны 11%-ға жоғарылап, сатылым саны 866 000 данаға жеткен.

5. Chevrolet Cruze


Chevrolet Cruze автокөлігі 2009 жылы Қытайда таныстырылған болатын. Дегенмен бірден сұранысқа ие бола алмаған көлік 2013 жылы нарықтағы саудада жолы жүре бастады. Бұл жылы 729 000 Chevrolet Cruze сатылған.

6. Toyota Camry


АҚШ-та осы жылы саудасы қызған Toyota Camry әлемдік нарықта алтыншы орынға тұрақтады. Жеңіл автокөліктер қатарындағы аса танымалдылыққа ие Toyota Camry-дың 2013 жылы 728 230 данасы сатылыпты.

7. Volkswagen Golf


Volkswagen Golf жетінші үлгідегі автокөлігі әлі де АҚШ пен Қытай сауда орталықтарын жаулап үлгерген жоқ. Соған қарамастан бұл көлік түрі әлемде үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бұл жылы 720 440 Volkswagen Golf көлігі сатылған. Ал АҚШ-та 2015 жылдан бастап саудаға шығарылмақ.

8. Ford Fiesta


Ford Fiesta АҚШ-та осы жылы саудасы қызған көліктердің алғашқы қатарында. Оның спортық үлгідегі түрі мен жоғарғы деңгейдегі автоматтандырылуы көлік саудасындағы әлем назарын өзіне аудара білді. 2013 жылы сатылған саны 705 287-ні құрап отыр.

9. Honda CR-V


Honda CR-V автокөлігі де 2013 жылғы сатылымы бойынша ең көп сатылған автокөліктердің санатына еніп отыр. 2013 жылы бұл үлгідегі көліктің сатылған жалпы саны 697 955-ті көрсетіп отыр.

10. Volkswagen Polo


Volkswagen Polo әлі де АҚШ сауда нарығына іліге қойған жоқ. Есесіне Еуропа, Оңтүстік Америка және Азияда саудасы қызып тұр. Бұл жылы 686 000 осы үлгідегі автокөлік өз иелерін тауыпты.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: forbes.ru

Ө. Сансызбай