Air Astana Part-66 лицензиясымен маман дайындап жатыр

Air Astana Part-66 лицензиясымен маман дайындап жатыр

Авиациядағы инженер мамандығы әлемде  жоғары сұранысқа ие. Еуропалық әуе кемелеріне қызмет көрсете алатын маманның біліктілігін анықтайтын лицензияның бірі – EASA Part-66. Еліміздегі Air Astana әуе компаниясы 2018 жылдан бастап Part-66 лицензиясына сәйкес инженерлерді дайындау өз бағдарламасын бастаған болатын. Басында бұл бағдарламаға 18 бен 34 жас аралығындағы адамдар немесе авиациялық жоғары оқу орындарының түлектері ғана қабылданатын. Биыл бұл бағдарламаға үлкен өзгерістер енгізіліпті.

Толығырақ бағдарлама туралы Massaget.kz порталының тілшісіне Air Astana-ның Оқу жобалары және үнемі жетілдіру менеджері Нұрсұлтан Момынов айтып берді.

– Air Astana-ның инженерлерді дайындау бағдарламасы 2018 жылы тұсауын кескен. Жалпы бұл бағдарламаның артықшылығы неде? Биыл оған қандай өзгеріс енді?

– Part 66 лицензиясы бар инженер ол халықаралық дәрежедегі маман. Мұндай инженерлерге әлемнің түкпір түкпірінде жұмыс табылады. Біз шетелдің маманын алғаннан гөрі өзімізге керек мамандарды өзіміз дайындаймыз. Білікті мамандардың елімізден шығып, олардың біздің елде жұмыс істегенін қалаймыз. Өзіңіз де білесіз, Air Astana ұшақтарына еуропалық стандарт бойынша ғана жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Құжаттар да еуропалық стандарт бойынша жүргізіледі. Сондықтан инженерлеріміз де еуропалық стандартқа сай болуы қажет.

Биылдан бастап 18-20 жас аралығындағы, яғни мектеп түлектерінің бағдарламаға қатысып, әуе компанияда бір жыл бойы кіші механик болып  жұмыс істей алады. Ал бұрындары азаматтар оқудан өтіп, сосын ғана жұмысқа қабылданатын.

Осылайша тәжірибелі инженерлермен қатар еңбек етіп, бұл болашақ мамандықтарын саналы таңдау жасауларына көмектеседі. Кіші механик жалпы механиктен айырмашылығы – ол ешқандай құжатқа қол қоймайды, үлкен жауапкершілік мойнына артылмайды. Тек инженердің жанында тәжірибе жинап, техникалық аспектілерді үйренеді.

– Part 66 еуропалық лицензия деген не?

– EASA Part-66 – Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінің әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету жөніндегі лицензиясы. Әрбір ұшақтың техникалық кітапшасы болады (Aircraft technical logbook), ол кітапшасында ұшақ туралы барлық мәлімет жазулы тұрады. Егер ұшақта қандай да бір ақау болатын болса, оны жөндейтін инженер сол кітапшаға өз қолын қоюы керек. Ол жерге тек қана лицензиясы бар маман ғана қол қоя алады.

– Қазақстанда авиация саласына инженерлерді дайындайтын оқу орны бар ма?

– Қазақстанда жыл сайын 300-ден астам түлек дайындайтын авиациялық академия бар. Өкінішке орай, академияның оқу бағдарламасы Airbus, Boeing-тің заманауи технологияларын толыққанды ескермейді. Көбіне үстірт қана оқытылады. Керісінше  қосымша пәндерге  көп уақыт бөлінеді. Төрт жыл ішінде 60-тан астам пәннен сабақ өтеді. Ал негізінде еуропалық стандарт бойынша B1/B2 маман болып шығуы үшін 13 оқу модулі жеткілікті. Содан кейін талапкердің жұмыс жасап тәжірибе жинауы маңызды. Тәжірибе жинап, 3 жыл ішінде алдымен А категориясын алып, «техник» атанады, содан кейін  тағы 5 жылдық тәжірибесінен кейін ғана B1 немесе B2 маманы атанады.

– B1/B2 маманы дегеніңіз инженерлердің санаты сияқты ма?

– Негізінен инженерлер В1 және B2  деп екіге бөлінеді. B1- механик, B2 – авионик, яғни  электронды жабдықтар бойынша маман. Академияда бұл мамандықтарды жеке оқытады. Мысалы, мен B1-мін яғни механикпін. Ал біздің бағдарламаның  тағы бір артықшылығы студенттер екі мамандықты бірден үйреніп шығады. Болашақта Air Astana Boeing 787 ұшағын алуды жоспарлап отыр. Оның көптеген құрылғылары электронды болып келеді. Сондықтан, болашақ инженерлер механик (В1) әрі авионик (В2) болуы қажет. Сол үшін осы бағытты қолға алып жатырмыз.

– Air Astana бағдарламасы бойынша оқу барысы қандай болады?

– Бағдарламаға іріктелген студенттер бірден әуе компаниямызда жұмыс жасайды. Бір жыл бойы олар тәжірибелі инженерлермен жұмыс істеп, Air Astana-ның техникалық процедураларын меңгеріп шығады. Оларды өзіміздің мамандар оқытады. Бір жыл ішінде механиктерге не үйретсек, оларға да соны үйретеміз. Содан кейін олар Германияның Aero - Bildung Аviation training center компаниясының  мамандарынан әрбір модуль бойынша екі жылға жуық ағылшын тілінде дәріс алады және әркайсынан емтихан тапсырады.

Негізі авиациялық инженер болу оңай емес. Елімізде инженер мамандығын игеру үшін кем дегенде 4 жыл академияда оқып, 5 жыл жұмыс істеу керек. Біздің бағдарламаның артықшылығы – студенттер бірден ақылы жұмыс тәжірибесіне кіріседі. Жұмыс тәжірибесі жоқ 18 жастағы баланың ірі компанияға жұмысқа алынуы жиі бола бермейді. Сондықтан бұл үміткерлеріміз үшін таптырмас мүмкіндік.

Бағдарлама тұсауын кескен жылы сабақтар 15 ай жалғасатын. Биылдан бастап оқу бағдарламамыз 15-24 ай аралығында болмақ. Өйткені мақсатымыз жылдам уақытта механик маманын шығару емес, сапалы инженерлерді дайындау. Оқуды аяқтаған соң студенттерге халықаралық сертификат беріледі. Сертификаттың дәрежесі біздегі оқу орындарының дипломдарынан жоғары және оны бүкіл әлем мойындайды. Part-66 лицензиясын осы сертификатпен қоса, бес жылдық тәжірибе жинағанда ғана алады.

– Оқуды бітіргеннен кейін түлектер Астанадағы ангарда жұмыс істей ма?

– Студенттер Астанада бағдарлама бойынша жұмыс істеп, оқиды. Air Astana-ның Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтау қалаларында базалары бар. Оқуды бітіргеннен кейін, олар өз қалауынша осы бес қаланың біреуінде қызметін жалғастыра алады. Мысалы, студент Ақтаудан қабылданған болса, оқуын аяқтап, сертификатын қолына алып, туған жерінде жұмыс істеуіне болады. Осылайша өңірлеріміздегі сапалы мамандар саны артып, аймақтарымыздың дамитынына сенімдіміз.

Оқуға қабылдану үшін қандай талаптар қойылады?

– Талаптар көп емес:

• Қазақстан Республикасының азаматы болу;

• Қатысушы жасы 18-20 жас аралығында болуы қажет;

• Физика мен математиканы жақсы білуі керек (мектеп бағдарламасы);

• Ағылшын тілін кем дегенде “Pre-intermediate” деңгейінде білуі керек

– Талапкерлер қалай қатыса алады?

– Барлық өтініштер https://job.airastana.com/apprentice сайты арқылы қабылданады. Бағдарламаға іріктеу осы жылдың ортасына дейін жалғасып, үміткерлер арасынан 16 студент қабылданады.

– Неге 16 студент?

– Себебі біз 4 ауысыммен жұмыс істейміз. Әр ауысымға 4 студенттен бөлінеді. Ол студенттерге жауапты болып, оларға керегін үйретіп, жетілдіріп жүретін бір аға инженер жетекшілік етеді. Жұмыс таңертең 08:00-ден кешкі 20:00-ге дейін, екі күн, екі түн, 4 күн демалыс кестесі бойынша орындалады.

– Бұл оқуға студенттер жыл сайын қабылдана ма?

– Жыл сайын студенттер қабылдаймыз деп отырмыз. Жастардың бағдарламаға қызығушылықтары үлкен болатынына сенімдіміз. Бағдарламаға енген өзгертулер қалай болатыны алдағы уақыт көрсетер.

– Студенттерге оқу бойынша қандай шарт қойылады?

– Оқуды аяқтаған студенттер келісім шарт бойынша Air Astana-да 5-7 жыл жұмыс істеуі тиіс. Бірінші жылы олар жұмысқа тұру туралы бір жылдық келісім шартқа қол қояды. Бір жылдан соң, Part-66-ның талаптары бойынша қосымша келісім шарт қарастырылатын болады.

Т. Раушанұлы