Жылына 30 мың сәби: бала өсіретін жасанды құрсақ ойлап табылды

Жылына 30 мың сәби: бала өсіретін жасанды құрсақ ойлап табылды
Фото: Hashem Al-Ghaili

EctoLife компаниясы бала өсіретін құрылғыны ұсынды. Әзірлеушілердің айтуынша, инсталляция жылына 30 мыңға дейін баланы "өсіреді", ал болашақ ата-аналар мобильді қосымша арқылы процесті бақылай алады.

2021 жылдың соңында Илон Маск твиттерде адамзаттың болашағына алаңдайтынын жазды.

"Егер адамдар көпбалалы болмаса, онда өркениет жойылады", - деді алты баланың әкесі Илон Маск.

Бір ғасырға жуық уақыт бойы әлемде туу көрсеткіші төмендеп келеді. Нәтижесінде ғалымдар осы ғасырды "бүкіл дүниежүзілік бедеулік дағдарысы" деп атады. Бірақ жаңа шешім пайда болды - ол жасанды құрсақ.

Ғалымдар 2017 жылы жасанды құрсақтың қызметін атқаратын BioBag құрылғысын жасап, сол жерде қозы өсірген. Жаңа концепция адамдарға да осындай мүмкіндік береді.

© Hashem Al-Ghaili

Жобаның негізін қалаушы Hashem Al-Ghaili EctoLife тұжырымдамасы бір күні дәстүрлі тууды алмастыра алатынына сенімді. Ол қоғам "бала асырап алу агенттігінің жауабын күтуден шаршаған" және "жүктілік кезіндегі асқынуларға алаңдайтын" ата-аналардың қажеттіліктерін осы құрылғы қанағаттандыра алады деп үміттенеді. Бірақ ең бастысы, ол EctoLife бізге бедеулік дағдарысына қарсы тұруға мүмкіндік береді дейді.

Бүгінгі таңда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, бүкіл әлемде репродуктивті жастағы ерлі-зайыптылардың 15 пайызы бедеуліктен зардап шегеді. Шынында да, кейінгі 70 жылда дүние жүзінде туу көрсеткіші 50 пайызға төмендеді. Бұл төмендеудің себептері, басқалармен қатар, әйелдердің білімінің артуы, жұмыспен қамтудың артуы және балала туудың қымбаттығымен түсіндірілген. Қазірдің өзінде 23 елге қауіп төніп тұр, Жапония, Испания, Португалия, Таиланд және Оңтүстік Корея дағдарыстың алдыңғы қатарында.

АҚШ-та әрбір сегіз жұптың бірінде бала туу проблемалары бар, ал америкалықтардың 33 пайызы бедеуліктен емделеді немесе емделіп жүрген таныстары бар.

"EctoLife-тың жасанды құрсақ тұжырымдамасы балалы бола алмай жүрген көптеген адамның өмірін өзгертеді. Бұл қатерлі ісікке немесе басқа асқынуларға байланысты құрсағын хирургиялық жолмен алып тастаған әйелдер үшін де пайдалы. Ол сондай-ақ сперматозоидтардың аздығына байланысты мәселелерді шешуге де көмектеседі", - деді Hashem Al-Ghaili.

EctoLife тұжырымдамасы мен оның түрі, сайып келгенде, түсік мәселесін тарих қойнауына қалдыруы мүмкін.

Әл-Гайлидің айтуынша, EctoLife жүйесі жасанды интеллектті (ЖИ) кеңінен қолдануды қарастырады. Әрбір балаға "өз қажеттіліктеріне бейімделген маңызды қоректік заттар" беріледі. Сондай-ақ ЖИ "балаңыздың физикалық ерекшеліктерін бақылайды және кез келген ықтимал аномалиялар мен қалыпты жүктіліктен ауытқулар туралы" хабарлайды.

EctoLife ата-аналарға жасанды жатырдың ішіне орналастырылған және виртуалды шындық гарнитурасымен біріктірілген 360° камералары арқылы баласының не көріп, не еститінін түсінуге мүмкіндік береді. Камералар баланың дамуы туралы үздіксіз бейне лентасын қамтамасыз етіп, ата-аналарға смартфондары арқылы баласының дамуын бақылауға мүмкіндік береді.

Т. Раушанұлы