Virgin Galactic ғарышқа ұшу үшін туристерге билеттерін сата бастады

Virgin Galactic ғарышқа ұшу үшін туристерге билеттерін сата бастады
Фото: Virgin Galactic

Миллиардер Ричард Брансонға тиесілі Unity ғарыш кемесінің суборбитальды алғашқы сынағын сәтті аяқтаған Virgin Galactic компаниясы ғарышқа саяхаттау үшін туристерге билеттер сатылатынын жариялады. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Агенттіктің мәліметінше, билет бағасы 450 000 доллардан басталады. Virgin Galactic-тің келесі ғарыш рейсі қыркүйек айының соңында Нью-Мексико штатында Италия әскери-әуе күштерімен бірге жоспарланған.

Ғарышқа ұшатын туристер өзіне, отбасына немесе бүкіл орынды сатып ала алады.

"Біз тарихтың жасалуын ғана бақылап отырмаймыз, біз оны бірге жүзеге асырамыз. Бізбен бірге ғарышқа саяхат жасаудың келесі дәуіріне қосылыңыз. Билеттер туралы ақпарат алу үшін мына веб-сайтқа кіріңіз", - делінген хабарламада.

Маусым айында Брэнсонның ғарыш компаниясы АҚШ-тың авиациялық қауіпсіздік реттеушісінен адамдарды ғарышқа ұшыруға рұқсат алды.

Еске салайық, шілдеде компанияның негізін қалаушы, 70 жастағы британиялық миллиардер Ричард Брансон алдымен өзі ұшты.

Экипажда миллиардердің өзінен басқа Virgin Galactic үш ғарышкері – NASA-ның бұрынғы қызметкері Бет Мозес, 33 жастағы үндістандық Сырыш Бундла және инженер Колин Беннетт болды.

Бұған дейін Джефф Безостың Blue Origin компаниясы Брэнсонның ұшуы толыққанды ғарышқа ұшу емес екенін айтты. Өйткені олар "Карман сызығы" деп аталатын 100 шақырымнан кейін басталатын ғарыш шекарасына өтпеген.

А. Оралқызы