Илон Маск ұсынған вакуум пойыз идеясы жүзеге асып келеді

Илон Маск ұсынған вакуум пойыз идеясы жүзеге асып келеді
Фото: theverge.com

Адамзат баласы жолаушылар тасымалдау көлігінде тағы бір төңкеріске қол жеткізетін кез алыс емес. 8-9 жыл бұрын Илон Маск ұсынған вакуумдық пойыз идеясы біртіндеп жүзеге асып келеді. Былтыр қараша айында вакуумдық пойызбен жолаушыларды тасымалдау сынағы сәтті өтті.

Биыл осы көлік жүйесінің тұжырымдамасы таныстырылды. АҚШ-тың Лас-Вегас қаласынан солтүстікке қарай шөл даладағы тау етегінен ұзын ағараңдаған темір құрылымды көруге болады. Бұл аттракционға ұқсайтын құрылыс Virgin Hyperloop компаниясының басты сынақ алаңы. Келешекте осындай ауасыз туннельде электромагниттік өріс күшімен жолаушыларды сағатына 1 мың  шықырым жылдамдықпен тасымалдау көзделген. Осылайша елдер мен қалалар арасында өте жылдам саяхатқа қол жеткізілмек.

Virgin Hyperloop компаниясының бас директоры Джош Гигель "Бұл ұшақпен ұшқан секілді. Ол жылдамдық алған соң сіз оның қаншалықты қатты жүріп бара жатқанын сезбей қаласыз. Турбуленттік деген мүлдем болмайды. Сіздің алдыңызда шыныда тұрған кофеңіз шайқалып төгілмейді. Ұшақ сияқты жылдам қозғалғанымен тербеліс болмайды. Қазір көріп тұрған көлігіміз ұзарады, яғни туристік автобусқа ұқсайтын болады. Сіз діттеген жеріңізге ұшақтың жылдамдығымен жетесіз және пойыз темір құбырдың ішінде қозғалатындықтан барлық ауа райының қолайсыздығынан қорғаласыз" дейді.

Былтыр күзде алғаш рет жолаушыларды тасымалдау сынағы өтті. Компанияның қос басшысы сағатына 172 шақырым жылдамдықпен 500 метрдей жүрді. Келешекте бір пойызбен 28 жолаушы тасымалданады. Пойыздың соңғы нұсқасы да қазіргіден өзгеше болмақ.

24.kz 

Г. Берік