ІТ-гиганттар бәсекелесін қалай "жұтып алады"?

ІТ-гиганттар бәсекелесін қалай "жұтып алады"?

Қазір Цицеронның емес, Цукербергтің дәуірі деседі. Расында да ІТ-гиганттар адамзатты соғыссыз-ақ жаулап, санасы арқылы басқарып отырғанын біріміз білсек, біріміз білмеуіміз мүмкін. Facebook, Amazon, Google бастаған ірі транскомпаниялар бір-бір мемлекет болып, бөлек отау құруға қауқарлы мегожобаларға айналды. Бұл қаншалықты қауіпті, соған мән беріп, көз жүгіртіп көрейікші.

Forbes тізімінде кезінде IT-cтартап боп бастаған Amazon, Facebook, Snap, Google сияқты жаңа стартаптар қазір неге ене алмай жатыр?

Әлемдік IT-компаниялардың монополияға бет алғанын алғаш боп Вконтакте желісі мен Телеграм платформасын жасаған Иван Дуров байқады. Ол кезде ешкім бұған мән бере қоймайды. Дуров Apple-ді монополияға бара жатыр деп айыптаған болатын. Бірақ мегакомпаниялардың басқа бәсекелес компанияларды орға жығып, азаматтардың дербес деректерін жинап, саудаға салатынын АҚШ Конгресі айтқанша, оған ешкім мән бермегені рас.

Конгрес мүшелері мегакорпорацияларды АҚШ экономикасына зардабын тигізеді, адам құқығын асыра сілтеді деп айыптады. Ал 2020 жылы төрт ірі компанияның басшылығын – Amazon-нан Джефф Безості, Facebook-тен  Марк Цукербергті, Googl-ден Сундар Пичайды және Apple-ден Тим Кукті шақырып, 6 сағаттық телеконференция өтеді.

Осы кезде біраз деректің беті ашылды.

Қансонарда бүркітші шығады аңға...

Жоғарыда аты аталған гигант-компаниялар бәсекелесін оңай табады. Бүкіл ақпараттық ресурсты ой елегінен өткізіп отыр. Мәселен, Google интернет қолданушылардың уақыты мен ақшасын қайда жұмсайтынын – бәрін талдайды. Chrome браузері мен электронды пошта, Android операциялық жүйесі мен оған орналастырылған қосымша-дүкен, файл сақтау серверлері мен басқа да ақпараттық өнімдері арқылы мәлімет пен дерек жинайды.

Ал Amazon электрон коммерция, бизнес платформасы арқылы ақпарат жинаса, Facebook адамдардың қандай қосымшаны қолданып, қайда демалуға баратынын онлайн көріп отыр.

Сондықтан қарсыласын анықтау бұларға түк емес. Егер нарықта жаңа бір бәсекелес пайда болса, оны басып-жаншуға тырысады. Бұған 2012 жылы Цукербергтің істеген мына бір ісі дәлел болады.

2010 жылы құрылған, нарыққа енді кіріп, қолданушының көзайымына айналған Instagram-ды көріп Facebook басшылығы бәсекеден қорқа бастайды. Содан Цукерберг жаңа платформаны құрған Кевин Систроммен кездесіп, мынадай ультиматум қойған деседі.

"Инстаграмды бізге сатасың, болмаса біз дәл сенікі сияқты тағы бір қосымша ойлап шығарамыз", - деген.

Instagram-ның құлдырауынан қорыққан Систром ақыр соңында Цукербергке сатып тынады. Оны Facebook 2012 жылы $1 миллиардқа сатып алады.

Ал 2013 жылы нарықта Snapchat мессенджері пайда болады. Оның иесі 23 жастағы Эван Шпигельге барып Цукерберге тағы да жоғарыдағы әңгімені айтады. Бірақ Шпигель келіспей қояды. Содан Цукерберг дәл Snapchat сияқты клон шығарып, атауын Poke деп қояды. Бірақ Цукербергтің бұл продукциясы Snapchat-тай танымал бола алмады. 2014 жылы Slingshot деген жобаны шығарады. Ол да танымал болмады. Алайда Facebook-тің қос қосымшасы Snapchat-қа біраз кедергі келтірді. Бәсекелесінің аяғына тұсау боп, дамуын кешеулетті. Vine, Periscope та сол күйді кешті.

Ал Amazon корпорациясы бәсекелес компанияларды серіктес болуға шақырып, ортақ келісімге келгеннен кейін, олардың стартап бағдарламаларын клондап, көшіріп алатын көрінеді. Көшіріп алған қызметті арзан бағаға немесе тегін қызметке айналдырады да, бәсекелесін шығынға ұшыратады. Соның себебінен Nucleus, LinkedIn Confluent, Elastic сынды жобалар құрдымға кетті.

Amazon басшылығы тіпті коммерциялық саудаға да қол салып, 2019 жылы сәби жөргегін сатумен айналысатын Diapers.com компаниясын нарықтан шығарып тастайды. Қалай дейсіз ғой? Электрон сауданың қыр-сырын білетін, бүкіл мәліметті қолында ұстап отырған Amazon кімге не керегін біледі. Қандай тауардың саудасы жақсы жүріп жатқанын көріп отыр. Содан сәби жөргегінің жақсы сатылатынын байқаған Amazon бұл тауарды өзі сатып алып, арзан бағамен сата бастайды. Мәселен Diapers оны $20 сатса, Безос оны $15 сатады. Amazon жөргекті арзан сатқаны үшін шығынға кірсе де (ай сайын 200 мың доллар), соңына дейін қоймайды. Бірнеше айдан кейін Diapers банкрот болады. Ал жөргек нарығын қолға түсірген Amazon енді оны $15  емес, $24 сата бастайды. Бұл – монополия мен "заңды" түрде бәсекелесін жоқ қылудың амалы екені анық.

Қазір әлем полиполиядан монополияға өтіп бара жатқанын байқау қиын емес. Ұсақ стартаптар гигант-корпорацияларға жұтылып не сатылып, соған жұмыс істеп жатыр.

Тіпті дүниежүзі халқының өзі осы корпорацияларға сырттай не іштей болсын жұмыс істеп жатыр. Бүкіл масс-медиа мен интернет-технологияның бәрі не әлеуметтік желі Facebook-ке, не іздеу сервисі Гуглге тәуелді.

Әлем екіге бөлінді. AppStore қолданушылар мен Google Play қолданушылары, Pepsi не Coca Cola, Yandex не Google...

Транскомпаниялардың бюджеті бір мемлекеттік бюджетімен бірдей. Мәселен Amazon мен Apple-дің бір жылғы табысы 150 млн халқы бар Ресейдің бір жылғы бюджетімен бірдей.

Қазақстанның бюджеті 181,7 млрд доллар болса, Amazon-ның бір жылғы тауар айналымының өзі 247,11 млрд долларға тең.

Қ. Слямбек