Марк Цукерберг: "Болашақта ешкім кеңсеге барып жұмыс істемейді"

Марк Цукерберг: "Болашақта ешкім кеңсеге барып жұмыс істемейді"
Фото: independent.co.uk

Болашақта қызметкерлер AR және VR технологиялары арқылы жұмыс істейді.

Болашақта кеңсе қызметкерлері кеңсе ғимаратына барып жұмыс істеуінің қажеті болмайды. Мұның бәрі кеңейтілген (AR – augmented reality) және виртуалды (VR – virtuаl reality) шындық технологиялары арқылы жүзеге асырылады. Бұл туралы Facebook-тің негізін қалаушы Марк Цукерберг Clubhouse әлеуметтік желісінің қолданушыларына берген сұхбатында айтты.

Цукербергтің айтуынша, Facebook Reality Labs зерттеу тобы кеңсеге бармай-ақ, кез келген жерде адамдар жұмыс істеуіне қажетті қолайлықтар тудыру үшін жұмыс істеп жатыр.

"Қазіргі AR және VR технологияларындағы проблема олардың форм-факторы. Бұл технологияны қолдану үшін сізге үлкен көзілдірік кию керек. Бұл өте ыңғайсыз. Сонымен, алдағы  негізгі міндет шағын көзілдірікпен жұмыс істейтін технологияны құру", - дейді Facebook-тің негізін қалаушы.

Марк Цукерберг локдаун жұмыс берушілер өз қызметкерлерін кеңсеге "байлап қоймауы" керек екенін дәлелдеді дегенді айтады.

"AR және VR технологиялары адамдарға өздері қалаған жерде, өздері қалаған кеңістікте өмір сүруге мүмкіндік береді", - дейді ол.

Ол бұл технологияны дамыту 4-5 жылға созылуы мүмкін екенін айтады.

Цукерберг виртуалды шындық артықшылықтары қызметкерлердің өнімділігін жоғарылату, жұмысқа жету үшін көлікке деген қажеттіліктің төмендеуі және соның салдарынан ауадағы улы газдар мөлшерінің азаюы деп атап өтті.

"Біз транспортация емес, телепортация болуымыз керек", - дейді Цукерберг

Facebook-тің негізін қалаушы сонымен қатар алдағы онжылдықта Facebook қызметкерлерінің жартысы қашықтан жұмыс істеу түріне ауысатындығын мәлімдеді.

Т. Раушанұлы