SpaceX ғарыш тарихында рекорд орнатты

24 қаңтарда SpaceX бортында 143 жер серігі бар Falcon 9 зымыранын ұшырды. Бұл ғарыш тарихындағы ғарыш аппараттарын орбитаға бір уақытта ұшырудың рекорды болды. Бұл туралы компания Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.

Зымыран Флоридадағы ғарыш айлағынан АҚШ-тың шығыс жағалауы уақытымен сағат 10-да көкке көтерілген.

Зымыранның бортында 30 тапсырыс берушінің 143, оның ішінде Starlink Интернет желісінің 10 жер серігі орбитаға шығарылды. Құрылғылардың жалпы салмағы 5 тонна. Компанияның айтуынша, бұл бір рейс кезінде орбитаға шығарылған ең көп ғарыш аппараты.

Бастапқы жоспар бойынша зымыран 23 қаңтарда ұшырылуы керек еді, бірақ  күн райының қолайсыздығына байланысты рейс бір күнге шегерілді.

Зымыран ұшырылғаннан кейін тоғыз минуттан соң оның алғашқы сатысы Атлант мұхитындағы арнайы платформаға қайта қонған.

20 қаңтарда Falcon 9 зымыраны орбитаға 60 Starlink жер серігін алып шыққан еді. Қазіргі рейс осы жоба бойынша 17-ші болды. Бұған дейін жоба бойынша орбитаға шығарылған жер серіктерінің саны 1013-ке жеткен.

SpaceX компаниясының жоспары бойынша, 12 мың жасанды жерсерігінен тұратын ғаламдық жүйе толық іске қосылғаннан кейін Жер шарының кез келген түкпірінен кең жолақты интернет байланысына қосылуға мүмкіндік туады. Жобаны жүзеге асыру үшін инвестицияның жалпы құны 10 миллиард доллар болған.

Айта кетейік, Starlink – бұл ғаламшар тұрғындары үшін кең жолақты интернетке қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған келесі буынның спутник желісі. Жоба 2018 жылы ақпан айында іске қосылды. Содан кейін Falcon 9 көмегімен екі спутник орбитаға бағыт түзеді. Барлығы 12000 жер серігі орбитаға шығарылады. 328 шақырымнан 580 шақырымға дейін орбитаға 30 000 қосымша жерсерігін жеткізу жоспарланған.