Робототехниканың үш заңы

Әлемде нанотехнология мен робототехника бірізді даму жолына түсіп, ғаламдық прогреске айналды. Алдағы он жылда робототехника өндіріс пен қоғам өміріне толық енетіні анық. Конспирологиялық теорияға сүйенсек, адамзат ауыр жұмыстың бәрінен босап, шығармашылықпен, зияткерлік дамумен айналысуы керек. Ал ауыр шаруаның бәрі роботтарға жүктеледі.

Алайда алдымыздан "роботтық техника адамзатқа қарсы шықпай ма?" деген мәселе шығады. Бірақ мұндай ой ғылыми фантастикалық шығармалардан туындаған, ғылыми негіздемесі жоқ шартты пікір екенін ұмытпайық. Ал бұл идеяның басында тұрған - Американың даңқты фантаст жазушысы Айзек Азимов.

Айзек Азимовтың фантастикалық шығармаларының барлығы бір тақырыпты қаузайды. Ол – адамзат қолымен жасалған техника мен технологияның қайта өзіне қарсы шығуы, адамзат пен технологияның соғысы мен күресі. Бұл тақырып – 1920-30 жылдары жазылған шығармалардың барлығына ортақ мәселе. Кейін бұл тақырып Азимовтың да мезі етсе керек. Содан басқа ойға ойысуды көздейді.

Бірде досы, "Astounding" журналының редакторы Джон Кэмпбеллмен ақылдасып отырғанда, робототехниканың адамзатқа тигізер пайдасы жайлы шығарма жазу туралы ой келеді. Тіпті, екеуі ақылдаса келе робототехниканың үш заңын жасап шығарған екен. Азимов өмірінің соңына дейін бұл заңды досы Кэмпбеллдің ойы деп үнемі еске алып жүретін көрінеді. Ал Кэмпбелл болса, ондай мотив Азимовтың шығармаларында бұрын онсыз да бар-тұғын деп кішіпейілдік танытады екен.

Сонымен, Азимовтың ойлап тапқан үш заңы мынау:

1-заң: Роботтың адамға зияны жоқ.

2-заң: Робот адам берген команданың бәрін орындауы тиіс, қарсы шығуына болмайды.

Ескерту: Адамға зиян келтіруге берілген команданы орындамауға қақысы бар.

3-заң. Робот өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек. Бірақ Бірінші және Екінші заңның қиғидатын бұзбауы шарт.

 Жазушы роботтың басына салынған жасанды интеллектіні позитронды ми деп атаған. Азимовтың қиялына салсақ, үш заңнан тұратын математикалық модель міндетті түрде роботтың позитронды миына салынуы тиіс. Әйтпесе, робот іске қосылмайды.

Азимовтың жоғарыдағы үш заңын қолданып, фантаст саласының оқырмандары тағы бір төртінші робот заңын ойлап тапқан. Бірақ ол тізімде төртінші болып жазылмайды, 0-ші боп жазылады. Яғни, бүкіл заңдардың басында тұратын ұғым дегенді білдіреді.

0. Робот адамзатқа зиян келтірмеуі тиіс әрі адамзатқа зиян келтірудің алдын алуы шарт.

Жазушы Азимов қазіргі робот өндірісіне философиялық көзқарас болар осындай "ой азық" қалдырып кеткен.