Канадада вирустан қорғайтын ерекше шлем сатыла бастады

Канадада VZYR Technologies компаниясы  коронавирустан қорғайтын ерекше шлем жасай бастады.

BioVYZR деп аталатын шлемнің бағасы – 379 доллар. Ол бас пен дененің жоғарғы бөлігін толығымен жауып тұрады. Шлемнің артқы панелінде батареямен жұмыс істейтін желдеткіш және ауа сүзгісі бар. Батареяның толық қуаты 12 сағатқа жетеді.

Бұл шлемді ойлап тапқан Езин Аль-Кайси оны 2 айдан бері қолданып келеді. 32 жастағы өнертапқыш көпшілік оның өнертабысына қызығушылық білдіретінін айтты.

Ғалымдар бұл құрылғының тиімділігін растауға асығар емес, өйткені ол әлі жеткілікті зерттелмеген.

Бұған дейін америкалық өнертапқыш Крис Элингер коронавирустан қорғайтын осыған ұқсас құрылғыны патенттеген болатын. Ол жасаған NE-1 құрылғысы мотоцикл шлеміне ұқсас. Пайдаланушы айналасындағы адамдармен сөйлесе алатындай шлемде ауаны тазарту жүйесінен басқа ішкі және сыртқы микрофондар мен динамиктер бар. Сондай-ақ, құрылғы телефон арқылы қоңырау шалу және музыка тыңдау үшін Bluetooth-ге қосылады.