Сұхбаттасудың орнына ойын ойнау. НУ студенттері қызметке іріктеудің ерекше түрін ойлап тапты

Сұхбаттасудың орнына ойын ойнау. НУ студенттері қызметке іріктеудің ерекше түрін ойлап тапты

Назарбаев университеті қарағандылық үш жігіттің ауқымды компанияларға жаңа қызмткерлерді іріктеуге арналған бағдарламасын қолдады.

"Ірі компанияларға HR-менеджер қызметкерлерін жұмысқа алу процесін жеңілдететін платформа жасап жатырмыз. Жобаның идеясы – компанияға нарықтағы ең мықты үміткерлерді тарту. Бір қызметке 100-200 адам үміткер болғанда арасынан қажет маманды іріктеп алу қиынға соғады. 30 адамға қоңырау шалуға 90 сағат жұмыс уақыты кетуі мүмкін. Ал үміткерлер жауапты 2-3 апталап күтеді. HR-менеджерлердің көп жұмысын автоматтандыруға болады", - дейді Recruit.ai жобасының авторы Нәби Мұратбек. 

20 жастағы Нәби Назарбаев университетінде 3-курста оқиды. Ол достары Максим Маметкулов және Тимир Әлдішевпен бірге жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін бағдарламаны жасап шығарды. 

Үміткерлерді іріктеу үшін жүйе үш кезең өткізеді:

– түйіндемені көшіріп, талдау;

– үміткерді тесттен өткізу (болашақта ойынға алмасады);

– автоматты видеосұхбат.

"Бұрын 2-3 апта кететін жұмысты бағдарлама 2-3 күнде тындырып тастайды. Ал компания құртатын 30 мың теңгесі екі есе азаяды. Біз Қазақстан, АҚШ және Канада компанияларына жұмысқа тұруға өтініш қалдырып, жүйені жіті зерттедік. Жасанды сана негізінде жұмыс істейтін HR-технология тек 2019 жылы ғана жүзеге аса бастады", - дейді Нәби.

Жігіттер идеясын жаңа жоба жасаушыларға арналған ABC Incubation инкубациялық бағдарламаға ұсынған. Назарбаев университетіндегі NURIS (Nazarbayev University Risk-taking Inspiration Synergy) инкубациялық кластері жобаны қолдап, екі миллион теңге көлемінде қаржыландырған. Recruit.ai бағдарламасы қазан айының басында іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Бір қызығы, түйіндемені саралау кезінде ерекше әдіс қолданылады. Нәбидің айтуынша, жүйе кез келген порталдан үлкенді-кішілі көлемдегі файлдарды жүктеуге қауқарлы. Нейрожүйе әр түйіндемені сараптап, үміткер портретін жасайды. Ақпарат жетпеген жағдайда пошта арқылы үміткермен байланысып, қосымша деректер алады. 

Екінші кезеңде үміткерлердің мінезі мен психологиясын толық ашу үшін компьютер ойыны болады. 

"Үміткер сюжет бойынша қимылдап, іс-әрекеттер жасайды. Әр таңдау жазылып, сарапталып отырады. Осылайша жүйе әр адамның мінезін талдайды.

Ойынды жасау барысында McKinsey & Company компаниясының кейсіне жүгіндік. Компания жылына 100-200 қызметке 200 мыңдай өтінішті қабылдаған. Жұмысқа үміткерлердің тек бір проценті алынып отырған. Олардың ойынында үміткерлер елсіз аралға түсіп, тірі қалуға тырысады", - дейді Нәби.

АҚШ-та жұмысқа қабыданушылардың 70% астамы жасанды интеллект арқылы іріктеледі. Дегенмен жасанды интеллект те қателесуі мүмкін дейді мамандар. Алайда Нәби Мұратбек мұнымен келіспейді. Оның айтуынша, жасанды интеллект 90% дейін дәл іріктейді.

"Мақсатымыз – бір-біріне үйлесімді компания мен қызметкерді табу. Бұл дегеніміз әр компанияның өз үміткері, әр үміткердің өз компаниясы болады деген сөз", - дейді Нәби.

Оның айтуынша, жасанды сана кез келген уақытта жаңа нәрсеге үйренуге қабілетті. Қазір олардың жасанды сана бала секілді. Кез келген ақпаратты бойына оңай сіңіріп, әр нәрсеге тез арада үйреніп кете алады. 

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

Бүгінгі қазақтың тұрмысына лайық тұлпар қандай?
Бүгінгі қазақтың тұрмысына лайық тұлпар қандай?
Әлемнің ең биік шыңын бағындырған тұңғыш қазақ
Әлемнің ең биік шыңын бағындырған тұңғыш қазақ
Қашықтан жұмыс істеудің денсаулыққа зияны
Қашықтан жұмыс істеудің денсаулыққа зияны
Назарбаев университетінің басқа жоғарғы оқу орындарынан басты ерекшелігі неде?
Назарбаев университетінің басқа жоғарғы оқу орындарынан басты ерекшелігі неде?
Баланың ішкі мотивациясын қалай оятуға болады?
Баланың ішкі мотивациясын қалай оятуға болады?
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IV том, "Қапада"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IV том, "Қапада"