SpaceX орбитаға тағы 60 жерсерік шығарды

Жексенбіде Ғalcon 9 зымыран-тасығышы Жер орбитасына ғаламдық интернет желісін құруға арналған 60 шағын Starlink жасанды жерсерігін шығарды. Бұл туралы компания Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.

Осымен Starlink жобасы аясында интернет спутнигі орбитаға он төртінші рет шығарылды, орбитадағы спутниктердің саны қазір 833-ке жетті. Жоба былтыр мамырда басталған еді. 

SpaceX компаниясының жоспары бойынша, 12 мың жасанды жерсеріктен тұратын ғаламдық жүйе толық іске қосылғаннан кейін Жер шарының кез келген нүктесінен кең жолақты интернет байланысына қосылуға мүмкіндік тумақ.

Компания 2020 жылға қарай Солтүстік Американы, ал 2021 жылы  бүкіл планетаны компанияның интернет желісімен қамтитынын мәлімдеген.

Жобаны жүзеге асыру үшін инвестицияның жалпы құны 10 миллиард доллар деп бағаланған.

Айта кетейік, Starlink – бұл ғаламшар тұрғындары үшін кең жолақты интернетке қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған келесі буынның спутник желісі. Жоба 2018 жылдың ақпан айында іске қосылды. Содан кейін Falcon 9 көмегімен екі спутник орбитаға бағыт түзеді. Барлығы 12000 жер серігі орбитаға шығарылады. Сондай-ақ, 328 шақырымнан 580 шақырымға дейін орбитаға 30 000 қосымша жерсеріктерін жеткізу жоспарланған.