Apple жаңа iPhone 12 смартфондарын таныстырды

Apple жаңа iPhone 12 смартфондарын таныстырды
Фото: apple.com

Apple компаниясы iPhone 12 смартфондар желісін таныстырды. Желіде iPhone 12 mini мен iPhone 12 бюджеттік смартфондары, iPhone 12 Pro мен iPhone 12 Pro Max флагмандары бар. Massaget.kz әр смартфонның сипаттамасы мен қабілетін шолып шықты.

iPhone 12

Жаңа модельдердің бәрі тегіс алюминий жақтауға ие болған. Базалық модель деп таныстырылған iPhone 12 де сондай. Super Retina XDR деп аталатын, OLED технологиясымен жасалған экранының диагоналі –  6,1 дюйм, ажыратымдылығы – 2532×1170 пиксель.

Смартфон былтыр шыққан iPhone 11-ге қарағанда 11% жұқа және 15% кіші. Сонымен бірге қатты соққыға шыдас беруге дайын Ceramic Shield жабынының арқасында смартфон берік бола түскен.

Презентацияда компанияның бас директоры Тим Кук iPhone 12 желісі 5G стандартымен жұмыс істейтінін алға тартты.

iPhone 12-ге 5 нанометрлі Apple A14 Bionic процессоры орнатылған. Бұл чип алғаш рет iPad Air планшетіне орнатылған еді. Оған төрт ядролы графикалық жылдамдатқыш пен жасанды интеллект негізіндегі 16 ядролы Neural Engine қосылған.

iPhone 12-нің негізгі камерасы екеу: кең бұрышты, негізгі. Кең бұрыштысы енді жарық нашар түскен жерде сурет сапасын 27% жақсырақ түсіреді екен, сонымен бірге түнгі режим мен түнгі таймлапс қосылыпты.

iPhone 12-нің бір ерекшелігі – қайта қолданылып жатқан MagSafe технологиясы. Бұл – корпусқа жалғанатын магнит, оның көмегімен смартфон сымсыз қуатты жылдамырақ тіркейді.

iPhone 12 mini

Бұл смартфон – желідегі көлемі ең кішкентайы. Ол тіпті iPhone 8-ден де кішірейіп, шап-шағын болып қалған. Ажыратымдылығы 2340х1080 пиксель болатын бұл смартфонның экраны – 5,4 дюйм.

iPhone 12 mini басқа сипаттамалары дәл iPhone 12-дегідей. Айырмашылығы тек көлемінде ғана. Екі модельдің де бес түсі бар: қара, ақ, қызыл, көк және жасыл.

iPhone 12-нің бағасы – 799 доллар (шамамен 342 мың теңге), IPhone 12 mini 699 доллар (шамамен 300 мың теңге) тұрады.

iPhone 12 Pro и Pro Max

Бұл смартфондар жоғарыда аталған қабілеттің бәрін бойына жиған, бірақ бұларды флагман етіп тұрған бірқатар технологиясы мен артықшылығы бар. 

iPhone 12 Pro 6,1 дюймдік дисплейге ие, ал екіншісінікі – 6,7 дюйм (компания тарихындағы көлемі ең үлкені, iPhone 11 Pro Max-тікі 6,5 болған).

Екі модельдің корпусының жиегі жалпақ, қаңқасы хирургиялық мығым болаттан жасалған. iPhone 12 мен mini-ден бұл алюминийден жасалған.

Pro модельдердің негізгі ерекшелігі деп LiDAR сезбегі бар негізгі камераларын айтуға болады. Бұл сезбек объектілердің арақашықтығын анықтап, фокус, қосымша өңдеу сияқты операцияларға атсалысады.

Камералардың зумы әжептәуір жақсарған, iPhone 11-ге қарағанда қараңғыда суретті сапалырақ түсіреді. Сонымен бірге компания ProRAW технологиясын таныстырды. Ол кадрларды өңдеуге көмектеседі. Дегенмен бұл технология iOS операциялық жүйесінің алдағы жаңартуында қосылады.

iPhone 12 Pro мен Pro Max-тың өзге артықшылықтары – 4K HDR Dolby Vision форматында видео түсіру, IP68 стандартына сай шаң мен судан қорғайтын қабат және жақсара түскен автономды жұмыс. MagSafe  магниттері де бар.

iPhone 12 Pro мен Pro Max алтын, күміс, графит және көк түспен сатылады. iPhone 12 Pro 999 доллар тұрады (шамамен 428 мың теңге), ал iPhone 12 Pro Max бағасы – 1099 доллар (шамамен 471 мың теңге).

Massaget.kz