Смартфонды қуаттағанда ескеретін 7 ереже

Заманауи смартфондардың қуаты ұзақ уақытқа жететінімен ерекшеленеді. Дегенмен смартфонды қуаттаудың да өз әуресі бар. Ендеше оны қалай дұрыс қуаттау қажет? Massaget.kz тілшісі техника мамандарының кеңесін топтастырды.

1. Ұйықтар алдында қуат көзіне қосылып тұрған смартфонды жастықтың астына қоюға болмайды. Жылдам қуатталатын смартфондар тез қызып кетеді. Сондықтан жастықтың астына қойып не үстіне зат бастырып қоюға болмайды. Өндірушілер қажет болса смартфонның тысқабын алып тастауға кеңес береді.

2. Жүргізушілердің көбі телефондарын көлігінде қуаттайды. Алайда оталдырмай тұрып, гаджетті қуаттауға қоймау керек. Себебі мотор оталғанда ұялы құрылғыңызға едәуір зиян келуі мүмкін.

3. Ваннада суға түскен уақытта қуат көзіне қосылып тұрған смартфонды қолдануға болмайды. Байқаусызда смартфоныңыз суға құлаған жағдайда істен шығуы мүмкін. Оған қоса судың электр тогын жақсы өткізетінін естен шығармаңыз.

4. Смартфоныңызды 100 пайызға дейін қуаттамаңыз. Әйтпегенде, аккумулятор тез тозып, уақытына жетпей істен шығады. Қуаты төмендеп, смартфоныңыздың өшуін күту де дұрыс емес. Ең тиімдісі – аккумулятор қуатын 45-85 пайыз аралығында ұстау.

5. Сапасы нашар қуаттандырғыш құралдарды қолданудан аулақ болыңыз. Мейлінше, өзінің оригинал не танымал өндірушілердің қуаттау құралын алған дұрыс.

6. Аккумулятордың басты жауы – жоғары температура. Сондықтан мобильді құрылғыларға күн сәулесінің тікелей түсуіне жол бермеңіз, сонымен қатар жылу құбырларының жанына қоймаңыз.

7. Телефонға көп күш түсіретін, көп қуатын алатын бағдарламалар болады. Бір немесе бірнеше бағдарламаны қатар пайдаланатыңыз да рас. Қуаттау кезінде қандай да бір бағдарламаны пайдаланбаған жөн-ақ. Әсіресе түрлі ойындарды қуаттап болғаннан кейін де жалғастыра беруге болады.