Смартфон геолокациясын өшірудің пайдасы қандай?

Смартфон геолокациясын өшірудің пайдасы қандай?
Фото: yandex.kz

Смартфонның геолокациясын өшіріп жүрген жөн. Сонда дербес деректер жоғалмайды, аккумулятор да тез отырып қалмайды.

Мамандардың айтуынша, жарнамамен айналысатын компаниялардың көбі смартфон қолданушының жеке деректеріне жүгінуге тырысады. Сондықтан қолданушыдан барынша көп дерек пен мәлімет алуға күш салады. Ал смартфонның геолокация жүйесі – жарнама иесі үшін таптырмас дереккөз. Мәселен, геолокациясы қосылып тұрған қолданушы Instagram-ға не басқа да әлеуметтік желі, платформаға кірген кезде, қайда жүргені белгілі болады да, сол аумақтағы жарнама беруші мекемелер мен орындардың, тауарлардың жарнамасы шыға бастайды. Серіктес-қосымшалар жұмыла жұмыс жасайды мұндайда. 

2019 жылы The New York Times басылымы геолокация арқылы АҚШ президенті Дональд Трамптың Жапония премьер-министрі Синдзо Абэмен бірге қайда барып, қай жерлерде жүргенін анықтаған еді. Ол үшін құпия қызмет өкілдері 12 миллион азаматтың геолокация белгісі зерттеп, Трамптың телефоны тапқан болатын. Трампты табуға көп уақыт кетпеген де, бірнеше минутта жеткілікті болған. 

Егер геолокацияны өшіріп не қосылуына шектеу қойылса, онда жарнама берушілер дербес, жеке деректерді жинай алмайды.

Геолокация – смартфонның қуатына күш түсіретін жүйе. Сондықтан оны өшіріп жүрген адамның смартфон қуаты көпке шыдайды, аккумуляторы да ұзақ жұмыс жасайды. Ал навигаторды қолданған кезде, геолокацияны қосуға тура келеді. Оған амал жоқ.

Қ. Слямбек