Apple компаниясы WWDC 2020 конференциясында не көрсетті?

Apple компаниясы WWDC 2020 конференциясында не көрсетті?
Фото: businessinsider.com

22 маусымда WWDC 2020 конференциясы аясында Apple компаниясының презентациясы өтті. Компания iOS 14, macOS Big Sur, жаңа iPadOS пен watchOS 7 сияқты жаңа жұмыстарын таныстырды.

iOS 14

Жаңартылған операциялық жүйеде iPhone басты бетінде виджеттер пайда болады. Оның көмегімен сағаттың үлкейтілген нұсқасын, акциялар бағамын және өзге де ақпаратты басты бетте көруге болады. Виджеттер қосымша белгішелерімен қатар тұрады.

iOS 14-тің тағы бір қызық нәрсесі – App Library. Ол қосымшаларды автоматты түрде бумаларға (папка) бөліп тастай алады.

Сонымен бірге видео көріп отырып басқа қосымшаларды пайдалануға болатын функция енгізілген.

Siri жүйесі де жаңартылады. Енді Siri бүкіл экранды алмай, интерфейстің жоғарғы жағында кішігірім белгіше болып тұрады. Ассистент жаңа функцияларға ие болып, қазіргіден ақылдырақ болады дейді компания.

Apple Maps қосымшасына да жаңарту жасалмақ. Картада қала гиді пайда болып, веломаршрут пен қызық мекендер тізімі қосылады.

Сонымен бірге iOS 14-те App Clips функциясы пайда болады. Оның көмегімен үлкен қосымшаларды орнатпай-ақ, оның тек белгілі бір функцияларын, мүмкіндіктерін пайдалануға болады. Қосымшалардың мұндай ықшамдалған нұсқасының салмағы 10 мегабайтқа дейін болмақ.

iPadOS

iPad-қа арналған операциялық жүйеге iOS 14-тегідей виджеттер орнатылады. Жаңартылған нұсқада қолданушы бекітілген пошта мен браузердің нұсқасын өзгерте алады. Сонымен бірге жақтаудағы панель көмегімен навигацияны ыңғайлап алуға болады.

macOS Big Sur

macOS Big Sur дизайны iPadOS пен iOS 14-ке ұқсас болмақ. Сонымен бірге оған осы операциялық жүйелердегі бірқатар функция енгізілмек. Компания macOS Big Sur-дегі Safari браузерін жаңартқан. Енді браузер Chrome-нан 50% жылдам жұмыс істейді және қуатты жақсырақ үнемдейді. Сонымен бірге қолданушыны бақылап жүрген сайттарды ескертіп отырады.

AirPods

Компания AirPods-қа арналған бағдарлама жасақтамасын жаңартпақ. Енді сымсыз құлаққаптар гаджеттер арасында автоматты түрде ауысып отырады. Мысалы қолданушыға қоңырау шалса, құлаққап Mac-тан iPhone-ға автоматты түрде ауысады.

Apple Silicon

Apple осыған дейін Intel процессорын пайдаланып келді. Компания енді одан бас тартып, Apple Silicon деп аталатын процессорды қолданбақ. Жаңа процессоры бар алғашқы компьютерлер 2020 жылдың аяғына қарай шықпақ. Оған толықтай өту үшін екі жыл кетеді екен.

Apple Silicon арқасында компанияның барлық құрылғысы бірдей архитектураға ие болмақ. Мысалы iOS пен iPadOS қосымшаларын masOS-та қолдануға болады.

 
Massaget.kz