5G COVID-19 тарата ма?

5G COVID-19 тарата ма?

Кейінгі кезде "коронавирустың тарауына 5G әсер етеді" деген пікір белең алды. Былтырдан бастап дүниежүзі мемлекеттері бесінші буын ғаламторының қуатын сынақтан өткізе бастаған еді. Алайда қазір оған қарсы көңіл-күй толастамай тұр. Мәселен, Польшада 5G тарататын мұнараларды бірінен кейін бірін құлатып, вандализм жасаушылар шыға бастады. Ал Ұлыбританияда мұнара жағып жібергендер бар. Ресейдің кейбір автономиялы республикаларының (Шешенстан, Дағыстан) халқы жаппай наразылыққа шығуда. Әсіресе, АҚШ пен Швейцарияда наразылық басылмай тұр.

5G деген не?

5G (fifth generation) – телекоммуникацияның миллиметр диапазонмен тарайтын жиілік стандарты. Мәселен, АҚШ-та 2016 жылдан бастап 28 ГГц, 37 ГГц және 39 ГГц жиілікті қолдануға рұқсат берілсе, Ресейде 4,4–4,9 ГГц қолдануға басымдық берілді. Бұл дегеніміз  жиілікті арттыру үшін 100-200 метр сайын байланыс мұнарасын орнату керек деген сөз. Бір сөзбен айтқанда, жарық бағандары қалай жиі орнатылса, байланыс бағандары да дәл солай жиі орнаталмақ.

Бұл – мобильді байланыстың бесінші буыны, секундтына гегабайт мәліметті жүктеуге мүмкіндік береді. Швецияда қазір 15 Гбит/с жылдамдықпен ғаламтор қолдануға болады. Яғни, 4G-дің жылдамдығынан 40 есе көп. Ал Корея мұны 100 гегабайтқа дейін жеткізуді қалап отыр.

5G қосылса, сигналдың берілу уақыты он есе азаймақ. Егер 4G-да деректер 10 миллисекундта берілсе, бесінші буында бір миллисекундтың өзі жеткілікті. Ал 3G-да – 100 миллисекундта беріледі.  

Stop5G қозғалысының пікірі

Әлемнің түкпір-түкпірінде басталған аталмыш қозғалыстың өкілдерінің айтуынша, 5G технологиясы қолданатын электромагниттік сәулелену жиілігі қысқа толқынды пеш пен кейбір әскери қару түрлерінде қолданылатын жиілікпен бірдей. Ал бұл адам мен жануар денсаулығына зиянын тигізері анық. Бұған ірі медициналық зерттеу жасалмағандықтан, оның зияны жайлы нақты айту қиын, бірақ залалы жоқ деп айту да ағаттық. Өйткені оны жоққа шығаратын да зерттеу жоқ.

Ал телекоммуникация гиганттары мұндай зерттеу жасауға қаржы бөлгісі келмейді. Осыдан әлемде Stop5G қозғалысы пайда болды.

Қозғалыс өкілдерінің айтуынша, электромагнитті сәулелену ең алдымен жануарларға зиян. Өйткені олар кеңістікті ажырату мен бірін-бірі табу үшін электромагнитті импульсті пайдаланады. Әсіресе, құстарға қажет. Мәселен, Нидерландыда былтыр 5G тартылғаннан бері торғай мен қараторғайдың саны азайып кетті.

Швейцарияның ProNature басылымының хабарлауынша, жиілігі миллиметрлік толқын жәндіктердің дене температурасын көтеріп, мазасын қашырады. «Мәселен, ауыл шаруашылығында шегіртке пен тышқандарды егінге жақындатпау үшін жиілігі жоғары электромагниттік сәуле қолданылады. Содан 5G тартылса, адам температурасы да көтерілуі мүмкін» деп жазады басылым.

Ал Вашингтон университетінің докторы Мартин Полл 5G желінің электромагниттік өрісі адамның миы мен жүрегіне кері әсер етеді деген тұжырымға келсе, басқа зерттеушілер мұндай жиілікті адам ДНК-сын өзгертіп, обырдың ояуына түрткі болады дегенді алға тартады.

Коронавирус пен Бесінші буын

5G технологиясының денсаулыққа зияны жайлы айтылып келе жатқанына аз болған жоқ. Басында қатерлі ісік, жүрек ауруларын қоздыруы мүмкін деген болжам айтылса, қазір коронавирус індетінің себепшісі болуы мүмкін деген пікір айтылуда. Оған басты дәлел – коронавирустың ошағы болған Қытайдың Ухань қаласында 2019 жылдың күзінде 5G желісінің тестілеуден өткені. Ол кезде China Telecom компаниясы 10 мың база бекетін орнатқан болатын.

Жалпы, 5G желісін жасақтауды алғаш бастаған Қытай болды. Өйткені халқы көп мемлекетте 4G технологиясы ауыр жүктемені көтере алмай, көп істен шығатын. Мұны шешу үшін қытай билігі жылдамдығы жоғары ғаламтор жүйесін қосуға кірісті.

Одан бөлек, 2003 жылы әлемге 3G тартылған кезде SARS тұмауы, 2009 жылы 4G тартылған кезде шошқа тұмауы, 1918 жылы Еуропада радио тартылған кезде испан тұмауы тарағандығы да осыған дәлел ретінде ұсынылуда.

ДДҰ не дейді?

Ұлыбританияның Бирмингем, Ливерпуль, Мерсисайд және Меллинг қалаларында мұнара өртеу оқиғасы басталғанда Британияның сандық коммуникация департаменті коронавирус пен электромагнитті сәулеленудің арасында байланыс ресми түрде дәлелденген емес деп, белең алған қауесетті жоққа шығарды.

Сол сияқты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да мобильді байланыс пен 5G желісінің қатерлі ісіктің пайда болуы мен коронавирустың тарауына қатысы жоқтығын, ғылыми негізі жоқ деректер екендігін айтуда. ДДҰ-ның айтуынша, мобильді байланыс, Wi-Fi, Bluetooth-ды таратушы электромагнитті сәуленің адамға термиялық әсері (яғни, терінің күюі, смартфонмен көп сөйлескен кезде қызып, денеге зиянын тигізуі мүмкін) бар, алайда мұның адам өміріне қаупі аз.

Covid-19-дың тарауына жаңа желі кінәлі емес дегендер коронавирустың 5G желісі жоқ елдерге де тарап жатқанын алға тартады. Сондай елдердің көш басында Иран тұр.