Windows-тың жаңа дизайны жарық көрді

Windows-тың жаңа дизайны жарық көрді
Фото: yandex.kz

Microsoft компаниясы Windows-тың жаңартылған дизайнын жарыққа шығарды. Операциялық жүйенің жаңа бет-бейнесін Windows өнімдері жөніндегі директор Панос Панайдың (Panos Panay) Инстраграм желісіндегі парақшасындағы видеодан көруге болады.

Роликте операциялық жүйенің әу бастағы дизайны мен өзгертілген, жаңартылған дизайнына дейінгі келбеті суреттелген. Компания операциялық жүйенің «Пуск» батырмасын жаңартып, қосымшалар тізіліп тұратын парақшаны өзгертіп, «Проводник» интерфейсін жаңадан жасап шыққан екен. Мәнмәтін менюі де өзгерген.

Ал компанияның өзі Windows-тың жаңартылған дизайнын 30 наурызда өтетін презентацияда таныстыруды ойлап отыр. Салтанатты іс-шарада компания басшылары Windows-ты дамыту жайындағы жоспарларымен бөлісіп, Microsoft 365 сервисіне қосылудың, жазылудың жолдарын айтып бермек.

Microsoft компаниясы операциялық жүйені толықтай өзгертуді 2012 жылдан бастаған еді. Ол кезде плита-дизайн мен «Пуск» батырмасын алып тастап, орнына қолданушылар көп пайдаланатын қосымшаларды жинауды қолға алған.

Тілшілердің айтуынша, Windows 2015 жылдан бері, яғни 10-шы буыны жарыққа шыққаннан кейін бірінші рет өзгертіліп, бірінші рет ауқымды дизайнға ие болды.

Қ. Слямбек