StarCraft ойынынан әлем чемпионы жасанды санадан жеңілді

StarCraft ойынынан әлем чемпионы жасанды санадан жеңілді
Фото: Ilta-Sanomat

AlphaStar жасанды санасы StarCraft ойыны бойынша әлем чемпионы, кәсіпқой киберспортшы Йоона "Serral" Соталамен күш сынасты. 

АҚШ-тың Анахайм қаласындағы BlizzCon кешенінде өткен матчта жасанды сана кәсіпқой киберспортшыны 4:1 есебімен жеңіп кетті. Йоона "Serral" Сотала 2018 жылы StarCraft ойыны бойынша әлем чемпионатында топ жарса, биыл үшінші орын алды.

AlphaStar жасанды санасы – Google-ға тиесілі DeepMind компаниясының өнімі. Қазіргі таңда жасанды сана StarCraft ойынгерлерінің 99,8%-нан мықты. Барлық санат бойынша (террана, простосс және зерг) Grandmaster атағын алып, әлемдік рейтингіде үздік 200 ойынгерлердің қатарына кірді.

Бұған дейін OpenAI кеңсесінде Dota 2 ойынынан батл өтті. Кездесуге екі топ қатысып, өзара мықтыны анықтады. Бірінші топта киберспорт бойынша белгілі комментаторлар, кәсіпқой ойыншылар  Уильям Ли, Остин Уолш, Иоаннис Лукас, Бэнь У мен Дэвид Тан болды. Ал екінші тарапта OpenAI Five жасанды интеллекті жалғыз өзі 5 адамға қарсы ойнады.

Адамзаттың атынан додаға түскен ойыншылар статистикалық көрсеткіштері бойынша іріктелді. Ойында 2:0 есебімен жасанды интеллект жеңіске жетті. OpenAI боты екі картада да ойын басталғаннан аяқталғанға дейін адамдар тобынан алда болды. Әр матчтың алдында жасанды сана өзінің 95% жеңіске жететініне сенімді болған.

А. Рысдәулет