5G технологиясы Қазақстанда қашан қолданысқа енеді?

5G технологиясы Қазақстанда қашан қолданысқа енеді?
Фото: termoyad.ru

1 қазан күні өткен Үкімет отырысында 5G технологиясына көшу мәселесі қаралды. Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен жиында аталған технология 2020 жылға қарай Қазақстан аумағында, оның ішінде Алматы қаласында қолданысқа ену үшін жүзеге асырылуға тиіс нақты жобалар айтылды.

Үкімет басшысы Асқар Мамин 5G бағасының тым қымбат екенін, алайда жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізіп, бірқатар салалардағы түйіткілді мәселелерді шешуге мүмкіндік туатынын айтып өтті.

– 5G енгізу тек телекоммуникация саласына ғана емес өнеркәсіптің жаңа салаларының пайда болуы мен дамуына елеулі серпін беріп, экономиканың дамуына үлкен үлес қосады. Бұл өзекті әлемдік тренд. Алайда 5G өте қымбат. Сондықтан 5G пайдаланудың басымдығын дұрыс анықтап алу қажет. Қазақстан ірі қалаларына осы байланысты енгізу бойынша жұмыстар қазірдің өзінде жүргізіліп жатыр. 2020 жылға қарай өңірлерде, соның ішінде Алматы қаласында 5G тиімді пайдалану жөнінде тиісті жобалар керек.

Цифрлық даму министрлігіне Интернет сапасына назар аудару керек. Әсіресе әлеуметтік нысандарда, мектептер мен ауруханаларда жылдамдығы жоғары Интернет сапалы болуы тиіс. Бұл электрондық оқулықтар мен оқу бағдарламаларын, телемедицина мен ақпараттық жүйелерді пайдалану үшін қажет. Асқар Қуанышұлы осы мәселені Білім, денсаулық сақтау министрліктерімен, өңірлердің әкімдіктерімен бірге шешуді тапсырамын, - деді Үкімет басшысы Цифрлық даму министрі Асқар Жұмағалиевке қарата.

"Қазақтелеком" АҚ басқармасының төрағасы Қуанышбек Есекеевтің хабарлауынша, 5G технологиясы 2018-2019 жылдар аралығында елімізде 6 рет тестілеуден өткізілген. Аталған технологияны сынақтан өткізу кезінде бірнеше проблемалар да туындаған.

"Тестілеу Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Алматы облысында өткізілді. Ең танымал және 5G үшін оңтайлы болып табылатын 3,5ГГц және 28 ГГц жиілік диапазондары пайдаланылды. Тестілеу түрлі клиенттік терминалдар – 5G смартфондары мен 5G модемдерін пайдалану арқылы барлық үш вендордың (Nokia, Ericsson, Huawei) 5G NR жабдығы базасында жүргізілді", - деді Қуанышбек Есекеев.

Үкімет отырысынан кейін арнайы баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев 5G төңірегінде нақты сұрақтарға жауап берді.

"Біріншіден 5G енгізу үшін Үкіметтен ақша бөлінбейді. Өйткені, бұл жеке операторлардың жұмысы. Екіншіден, 5G технологиясы қымбат болғандықтан, ең алдымен қалаларда енгіземіз. Техникалық жабдықтарын компаниялармен ақылдасамыз. Қазіргі таңда дүниежүзінде де 5G тек қана қалаларда енгізіліп жатыр. Бірақ, болашақта мүмкіндік болып жатса, шағын елді мекендерге де енгізу жағын қарастырамыз",- деді Асқар Жұмағалиев.

Сонымен қатар министр 4G-ден 5G-ге өткенде байланыс тарифтерінің бағасы көтерілмейтінін хабарлады.

"Тарифтерге қатысты айтар болсам, 3G-ден 4G-ге ауысқан кезде байланыс құнын өзгерткен жоқпыз. Алдағы уақытта да дәл осындай жұмыс жүргізіледі. 5G-ге көшкен кезде тарифтерді көтермейміз", - деді министр.

Жоғарыда айтып өткендей, 5G технологиясы қазіргі уақытта ел аумағында тестілеуден өтіп жатыр. Сынақтан өткізу жұмыстарының алғашқы нәтижелері 5G желілеріндегі деректер беру жылдамдығы 4G көрсеткіштерінен 10-100 есе жоғары екенін көрсетті.

А. Қажиев