Адам өміріндегі маңызды өнертабыстар

Адам өміріндегі маңызды өнертабыстар
Фото: freepik.com / @rawpixel.com

Әдетте күнделікті өмірде қолданатын электрлі, механикалық заттардың қалай пайда болғанына мән бере бермейміз. Адамдардың бір кездері бұл заттарсыз да өмір сүргенін ойлап, бас қатырмаймыз. Тұрмыстық заттар мен техниканы кім ойлап тапқан және олардың тарихы қандай, бүгін осы сұрақтарға жауап береміз.

Электр пеші

160 жыл бұрын өнертапқыш Джордж Б. Симпсон алғаш рет электр пешін патенттеді. 1859 жылы 20 қыркүйекте "электрлі тағам аппараты" деп аталатын, тағамды жылытып, дайындауға арналған өнертабыс тіркеледі.

Дерекке сүйенсек, оның беткі қабаты талькохлориттен жасалған. Қалыңдығы 2,5 см, ал ауданы 51,6 шаршы сантиметр болған. Оның беті ұсақ тесіктерге толы. Мұндай "пештің плитасын" да осы материалмен қоршаған. Өйткені, ол тоқ өткізбейтін қасиетке ие. Ал, тоқ платина сымының орамы арқылы берілген. 

Симпсонның бұл жұмысы тек қағаз түрінде қалады. Яғни, жоғарыдағы сипаттаманың барлығы тек оның жоспары ғана еді. Ал  канадалық кәсіпкер Томас Ахерн 1882 жылы қайта патенттеп қана қоймай, оның мүмкіндіктерін халыққа ұсына білді. Сол жылы ол "Виндзор" қонақ үйіне таныстарын шақырып "электр пеші" арқылы піскен тамақтарды ұсынады. Канадалық журналистер оның өнертабысы жайында жарыса жазады. Дегенмен, газ плиталарын пайдалану сол уақыттары арзан әрі тиімді болмағандықтан, жаңа өнертабысы оған айтарлықтай пайда алып келмейді. Адамдар тек 1930 жылдардан бастап қана электр пештерін қолдана бастады

Трамвай

1880 жылы Пироцкий қалаға арналған екі қабатты трамвайды жасайды. Алдымен аттардың көмегі арқылы сүйретілсе, кейін оны электр көмегімен жүретін етеді. Сол жылдың 3 қыркүйегінде Санкт-Петербург тұрғындары жаңа қоғамдық көлікті пайдалана бастайды.

Электрлі трамвай шетелдіктерді бірден қызықтырады. 1881 жылдың көктемінде ағайынды Сименстер Берлин—Лихтерфельд бағытындағы трамвайды қолданысқа енгізеді.

Трамвай жылытқыштары

Канадалық Томас Ахернді мақаламыздың басында атаған болатынбыз. Оның электрлі құрылғыларға қызығушылығы жаңа өнертабыстардың қолданысқа енуіне себеп болды: үтік, электржылытқыш, пеш, қаланы жарықтандыру жүйесі.

Оның тағы бір өнертабысы Оттавада трамвайлардың пайда болуымен байланысты. 1892 жылы Ахерн "судың электр жылуы арқылы автокөліктерді жылыту жүйесін" патенттеп алады. Бұл шағын революция болатын. Өйткені, осы уақытқа дейін қоғамдық транспорт аттар арқылы сүйретілетін. Ал іші көмір пеші арқылы жылытылатын. Электр ешқашан жылумен астаспайтын, Оттава тұрғындары трамвайды тұтынбайтын. Оның сол аймақтың климатына сәйкес келетініне күмәнмен қарайтын. 

Ахерннің жаңа өнертабысының механизмі өте қарапайым болатын: электр арқылы жылыған вагон астындағы құбырлар арқылы трамвайларға таратылып, жолаушыларды жылытты. Кейін бұл технология Канадада  жетістікке ие болды. 

Алғашқы тоңазытқыш

120 жыл бұрын америкалық өнертапқыш Альберт Маршалл 1889 жылдың 8-тамызында өзінің алғашқы тоңазытқышын патенттейді. Оның сыртқы бейнесі заманауи түрлеріне қатты ұқсайтын. Оны "Автоматты тоңазыту аппараты" деп атады, ал салқындатқыш ретінде аммиак қолданылды.  

Жасанды суытқыш құрылғыны 1858 жылы француз ғалымы Фердинанд Карре ойлап тапқан болатын. Ол оны аммиактың абсорбциясы арқылы жасады.   

Альберт Маршалл өзінің өнертабысын жетілдірумен айналысты. Тіпті, оның жұмыстарын 1914 жылы алғашқы тұрмыстық тоңазытқыштарды шығарумен айналысқан Kelvinator Corp. компаниясы қолданды.  

Алғашқы электрлі тоңазытқыш 1913 жылы пайда болды. Бастапқы тоңазытқыштар жылу сорғы (насос) пен улы салқындатқыш сұйықтық арқылы жұмыс істеді. Тоңазытқыштың алғашқы қолданушылары өмірлерін қауіпке тіккені анық. 1926 дат инженері Кристиан Стинструп шусыз, нағыз тұрмысқа арналған, қауіпсіз тоңазытқыш жасап шығады.

Шаңсорғыш

Алғашқы шаңсорғыштармен бірнеше адам жұмыс істейтін. Құрылғы XIX ғасырдың аяғында пайда болды: бір адам теріні үрлесе, екіншісі құбыршекті (шланг) тасиды. Шаң жиналмайтын, тек келесі бетке ұшып кететін. 

Ағылшын инженері Хьюберт Сесил Бут бұл құрылғыны 1901 жылы өзінің арнайы фильтрі бар шаңсорғышын жасайды. Вакуумды сорғының күші бес жылқыға татитын. Оған қоса, бензинді қозғалтқышпен жұмыс істейді. Кейін ол электрмоторлы нұсқасын жасайды. Бірақ, екі шаңсорғыш өте үлкен еді, оны тек аттардың көмегімен ғана жылжытуға болады. 1908 жылы америкалық компания W. H. Hoover Company алғашқы жинақы шаңсорғыш "tin model" жасайды. Ол уақытта оның салмағы 20 кг болатын. Уақыт өте оның салмағы азая берді. Бүгінде барлық үйде кездесетін маңызды өнертабысқа айналды. 

Фен

Шашты жылы ауа арқылы кептіруді француз шаштаразы Александр Фердинанд Годфруа 1888 жылы ұсынды. Бастапқыда фен отырғышқа бекітілген қалпақ секілді еді. Ол газ плитасымен жалғасты. Кейін ол өзінің жұмысын жетілдіріп, оның кішірейте бастады. 

Кондиционер

1880-жылдары америкалық инженер Шайлер Уилер алғаш рет электрлі желдеткішті жасайды. Америкалықтар үшін ұзақ жылдар бойына бұл құрылғы ыстықтан құтқаратын бірден-бір тұрмыстық затқа айналады. Алғашқы кондиционер де Америкада пайда болды: оны 1902 жылы жас инженер Уиллис Кэрриер жасап шығады. 1906 жылы ол патент алғанымен, кондицинерді сатып алушылар аз болатын. Үйге кондиционер 1914 жылы Миннеаполисте қондырылды. Келесі жылы Кэрриер өзінің компаниясының негізін қалады.

Кір жуғыш машина

Алғашқы патент Натаниэли Бриггске 1797 жылы беріледі. Бірақ, патентті бюрода орын алған өрт кесірінен өнертабыстың сипаттамасы сақталмаған. 1851 жылы америкалық Джеймс Кинг қолмен айналдырып отыру керек барабанды кір суғыш машинасын жасайды. Киімдерді сығу үшін жасалған құрылғы 1861 жылы кір жуғыш машинамен біріктіріледі. Алғашқы электрлі кір жуғыш машина 1900-жылдары жасалды.  Ал алғашқы автоматты кір жуғыш машинасы АҚШ-та 1949 жылы қолданысқа енді.

Т. Есқали