Айда түсірілген бейнетаспа адам сенгісіз бағаға сатылды

Айда түсірілген бейнетаспа адам сенгісіз бағаға сатылды
Фото: vseonauke.com

Әлем адамзаттың Айды бағындыруының 50 жылдық мерейтойын жарыса тойлап, ал біз КСРО-ның АҚШ-тан Ай үшін жарыста не үшін ұтылып қалғанын талқылап жатқанда, ең көне Sotheby's бәссауда үйінде 1969 жылғы тарихи оқиғаны түсірген 3 бейнетаспа сатылып кетті. Бағасы да таңғаларлық – 1 миллион 800 мың доллар. Бұл бұрынғы иесі сатып алған бағадан 8000 есе жоғары. 

"Аполлон-11" модулін қандай камерамен түсірді? 

1969 жылы 20 маусым күні Базз Олдрин мен Нил Армстронг адамзат тарихында алғаш болып Жерден бөлек "жерге" аяқ басты. Бұл оқиғаны Westinghouse компаниясының осы миссияға арнайы құрастырған камерасы таспаға түсірген. Ол модульдің сыртқы корпусында орналастырылды. Армстронг қону модулінің баспалдағынан Айдың бетіне түспес бұрын, Ольдрин камераны қосып, Жермен бейне байланыс орнатқан.

Модульдің сыртқы корпусына орнатылған Westinghouse камерасы. ©Vikipediya

Штативтағы тағы бір камера "Аполлон 11" командасының басқа әрекеттерін түсіру үшін қолданылды. 

Айда серуендеуге арналған фотоаппарат. ©Wikimedia Commons

Камера Ай модулінің антеннасы арқылы секундына 10 кадр түсіріп, Австралиядағы Паркс обсерваториясына жіберген. Бастапқыда жазу кең форматты таспаларда жүзеге асырылды, ал Хьюстонда оларды 2 Quadruplex Ampex VR-660B лентасына ауыстырған. Обсерваториядағы түпнұсқа ленталар кейін жоғалып кеткен. Сондықтан, бүгінгі күнге дейін Ampex ленталары "Аполлон 11" қонуы жазылған жалғыз түпнұсқа болып қалды.

Алғаш рет бұл жазбалар 1976 жылы маусымда мемлекеттік аукцион кезінде Гэри Джорджға 217,77 долларға (бүгінгі инфляцияны ескере отырып, 980 доллар) сатылды. Ол кезде Джордж NASA-ның Джонсон атындағы университетінде студент болған және ол Ғарыш орталығында тағылымдамадан өтіп жүрген. Арада 43 жыл өткесін жаңа сатып алушы түпнұсқа ленталар үшін 1,82 миллион доллар ұсынған. 

Sotheby's бәссауда үйінің өкілдері бейнелердің бастапқы күйінде қалғанын айтады: "олар қалпына келтірілмеген, қайта өңделмеген де, таспаларда адамның Айға алғаш қадам басқанын дәлелдейтін ең ескі, ең ерте, айқын да дәл бейнелер сақталған", – делінген хабарламада. Бейнетаспаның жалпы уақыты – 2 сағат 24 минут.

Т. Раушанұлы