Жаңа iPhone-да қандай өзгерістер болады?

Жаңа iPhone-да қандай өзгерістер болады?
Фото: PSDbro.com

Келесі жылы жарыққа шығатын iPhone біраз өзгеріске ұшырайды. Бұл туралы MacruMors басылымы мәлім етті.

Алғашқы өзгеріс "айфонның" сыртқы келбетінде болады. Дизайнерлер смартфонның маңдайындағы қара ойығын алып тастауды жөн көрген. Ал беткі камерасы енді ойық емес, экранға жанама болады. Сондай-ақ саусақ ізі сканері де экранға орналасады. Дактилоскопиялық сезбек экранның кез келген тұсындағы жанасуды сезуге қауқарлы.

2021 жылы iPhone-ның үш моделі де маңдайындағы ойығынан айырылады. Әр модельдің акустикалық сканері өзгеше болады. 

Apple компаниясының алдағы үш жылға қойған жоспары мынадай:

2019: маңдайындағы ойығы және Face ID бар үш бірдей жаңа iPhone;

2020: маңдайындағы ойығы кішірейтілген екі және мүлдем ойығы жоқ, саусақ ізі сканері экранда орналасқан бір жаңа iPhone. Үшеуінде де Face ID бар; 

2021: маңдайындағы ойығы жоқ, саусақ ізі сканері экранда орналасқан, Face ID бар үш бірдей жаңа iPhone.

Әзірге Apple компаниясы жаңа телефонның атауы туралы тіс жармады. Бастапқыда араб сандарын қолданып, артынша XS, XS Max, XR деген атауға ауысқан. Дегенмен жаңа смартфон iPhone 11 атауын алуы мүмкін. Әлі күнге компания жаңа телефонның түр-келбетін көрсеткен жоқ. Сол себепті смартфонның қандай болатынын тек 2019 жылдың 20 қыркүйегінде білетін боламыз.

А. Рысдәулет