Huawei смартфонына қандай дүкенді жүктейміз?

Huawei смартфонына қандай дүкенді жүктейміз?
Фото: t13.cl, Коллаж

Massaget.kz Huawei мен Honor смартфондарының иелеріне Play Market-тің орнына қандай дүкенді қолдануға болатынын анықтап көрді.

AppGallery

Соңғы жарты жылда шығарылған Huawei мен Honor смартфондарында орнатылған дүкен. Сырттай Google Play-ден айырмашылығы аз. Смартфонды жаңадан алған кезде басты бетте тұратынын байқаған боларсыз. Бұл дүкен ыңғайлы әрі Google Play-дің лайықты мұрагері. Оның үстіне қосымшаларды автоматты түрде жаңартып отырады.

Aptoide

Дүкеннің 200 мыңнан астам қолданушысы бар. Google Play-ді толыққанды алмастыра алады. Дүкенде 900 мыңнан астам қосымшалар бар. Интерфейсі ыңғайлы, жылдамдығы тез. Қазіргі таңда Huawei мен Aptoide әріптестік жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Болашақта Aptoide Google Play-дің орнын басуы әбден мүмкін.

"Яндекс.Store"

"Яндекстің" ресми ғаламтор дүкені. Бұл "сторды" өзгелерден ерекшелеп тұратыны - ТМД елдеріне арналған қосымшалардың көптігі. Оған қоса қазақ, орыс тілдеріне ыңғайластырылған.

Amazon Appstore

Google Play-дің лайықты баламасы. Америкалық компанияның дүкенде өзгелерде қарағанда қосымшалардың бағалары қымбат емес. Жеңілдіктер, акциялар тұрақты болып тұрады. Бір кемшілігі - түсініксіз дизайны.

APKMirror

Бұл дүкенге кез келген браузер арқылы кіре аласыз. Қосымшалардың ескі нұсқаларын іздейтіндерге арналған. APKMirror дүкенінде бір қосымшаның 5-6 нұсқасы бар. Дегенмен әр қосымшаны браузер арқылы өзіңіз жүктеп, жаңартып отыруыңыз қажет.

Смартфонға қалай жүктейміз? Google Play дүкенінен таба алмайсыз, сол себепті браузерден жүктегеніңіз абзал. Алдымен смартфоныңыздың баптаулар бөлімінен APK-файлды браузер арқылы жүктеуге рұқсат алыңыз. Сосын браузерден өзіңізге ұнаған дүкенді жүктеп алыңыз.

Қажет қосымша дүкенде болмаса... Егер сізге қажет қосымша дүкенде болмаса браузерден жүктеуге тура келеді. Кез келген браузерге кіріп, қосымшаның ресми дүкенінен жүктеуге болады.

Бұл қауіпті ме? Бәрі сіз таңдаған дүкенге байланысты. Жоғарыда аталған дүкендер әрбір қосымшаны жүктемес бұрын вирусқа тексереді. Алайда браузерден жүктер алдында абай болыңыз.

Google қызметінсіз смартфонды қолдану мүмкін бе? Иә, алайда қолдану барысында біраз қиындықтар туындайтыны сөзсіз. YouTube, Gmail немесе Google Карта секілді қосымшаларды жүктей аласыз. Алайда әрқайсысын өзіңіз қолмен жаңартып отыруыңыз қажет. Бұрынғыдай Google өзі автоматты түрде жаңартпайды.

А. Рысдәулет