Ең үлкен ұшақтар

Ең үлкен ұшақтар
Фото: pinterest.com

Технологияның дамуымен әуе көліктерінің де түр-түрі шығып жатыр. Ең ауыры дейсіз бе, ең көп жолаушы тасымалдайтын ұшақ дейсіз бе?!..

Ең үлкен әуе көліктері тізіміне әскери де, азаматтық та ұшақтар жатады. Мысалы, Антонов Ан-225 Мрия салмағы жағынан ешкімге дес бермей келеді. Ал көкте бар болғаны жарты минут ұшқан Hughes H-4 Hercules қанат құлашының ұзындығы бойынша Гиннес рекордтар кітабына енген.

Назарларыңызға рекорд орнатқан 5 ұшақты ұсынамыз:

Hughes H-4 Hercules 

Салмағы: 113,399 келі

Ұзындығы: 66,65 метр

Қанатының құлашы: 97,54 метр

Алғаш көкке көтерілген сәті: 1947 жыл

Қазіргі таңда Hughes H-4 Hercules ұшағы қанат құлашының ұзындығы бойынша ешкімге дес бермей тұр. Сонау 1947 жылы ағаштан жасалған бұл ұшақ бастапқы кезде 700 әскерді тасымалдайды деп жоспарлаған. Алайда көкке бар болғаны 26 секундқа көтерілді. Қазір бұл ұшақ АҚШ-тың Макминнвилл қаласындағы Эвергрин атындағы авиация және ғарышкерлік мұражайында сақтаулы. 

Ағаш ұшақтың биіктігі 24 метр, ал ұзындығы 66 метрге жетеді. Қанатының құлашы - 97 метр. Салмағы - 113 келі.

Антонов Ан-225 Мрия

Салмағы: 285 000 келі

Ұзындығы: 84 метр

Қанатының құлашы: 88,4 метр

Алғаш көкке көтерілген сәті: 1988

Әлемде салмағы жағынан қарсылас шақ келтірмейтін - Антонов Ан-225 Мрия ұшағы. Алты қозғалтқышы бар Мрия тарихтағы ең ауыр және ұзын ұшақ саналады. 1988 жылдан бері көкте тек бір ғана Ан-225 қалықтап жүр. 

Boeing 747-8

Салмағы: 220 128 келі

Ұзындығы: 76,3 метр

Қанатының құлашы: 68,4 метр

Алғаш көкке көтерілген сәті: 2010 (B747-8F)

Боинг 747-8 - ең ұзын жолаушы тасымалдайтын ұшақ. 1970 жылдан бастап шығарылған Boeing 747-8 «Аспан патшайымы» атанған. Airbus A380 жолаушы саны бойынша рекордты жаңартқанына қарамастан «Аспан патшайымы» ең ұзын жолаушы тасымалдайтын ұшақ ретінде Гиннес рекордтар кітабына кірді.

Антонов Ан-124

Салмақ: 175 000 келі

Ұзындығы: 68,96 метр

Қанатының құлашы : 73,3 метр

Алғаш көкке көтерілген сәті: 1982

Ан-124 ұшағы Мрияға ұқсас болғанымен әлдеқайда кіші. Дегенмен әлі күнге дейін ең ірі әскери-тасымалдаушы атағын ешкімге бермей келеді. Ресей әскері Ан-124 ұшағымен ең ауыр техникаларды тасымалдайды. 

Airbus A380-800

Салмағы:  277 000 келі

Ұзындығы: 72,72 метр

Қанатының құлашы: 79,75 метров

Алғаш көкке көтерілген сәті: 2005

Airbus А380  —  әлемдегі ең үлкен жолаушы тасымалдайтын ұшақ. Оның ұзындығы — 80,65 м, биіктігі — 24,08 м, қанатының ұзындығы — 79,75 м. Ұшақта 853 жолаушы тасымалдайтын бір класс не 525 орынды үш класс болады. 15 мың километрден де алыс қашықтыққа ешқандай аялдамасыз жеткізе алады. 

Бұл алыпты құрастыру үшін Airbus S.A.S. компаниясының он жыл уақыты кеткен. Құрастырушылардың айтуы бойынша, ұшақты құрастырудағы басты мәселе - оның салмағын азайту болған. Ол үшін ұшақтың композициялық материалдарына көңіл бөлген. Ал ұшақты құрастыруда алюминді құйма, көміртек талшықтары, қоспалы материалдар пайдаланылған.  

Алғаш рет 2005 жылы 18 қаңтар күні Тулуза қаласында жарияланған, ал 2005 жылдың 27 сәуірінде аталған қалада тұңғыш рет сынақ ретінде ұшқан.   

2007 жылы 15 қазанда Singapore Airlines компаниясы Airbus А380 ұшағына ие болады, сөйтіп 25 қазанда А380 ұшағы алғашқы рет коммерциялық сапар жасады. Сингапурдан сағат 04:16-та (Мәскеу уақыты бойынша) ұшып, 7,5 сағат әуеде шарлап, Сиднейге ешқандай қатерсіз қонады. Бұл сапарда 455 жолаушы, 30 экипаж мүшесі мен төрт ұшқыш болған. 

А. Рысдәулет