Жас дизайнер білуі тиіс негізгі ережелер

Өмірде белгілі бір ақпаратты тасымалдаушы құрал ретінде тілді қолдансақ, көрнекі (интернет) әлемнің де өзіне тән тілі бар. Бұл – дизайн.

Туа салып, бірден дизайнер болу мүмкін емес. Басқа сала секілді бұл сала да дамылсыз еңбекті керек етеді. Джонатан Уайт өзінің «Before you can master design, you must first master the fundamentals» атты мақаласында өз ісінің шебері болуы үшін дизайнер меңгеруі керек негіздерді көрсеткен болатын.

#1 Типографика негіздеріне мән беріңіз:
Дизайнердің деңгейін типографиканы қолдануына қарап аңғаруға болады. Өйткені, шрифт – дизайнның  басты элементі. Шрифттер көмегімен адамның назарын еріксіз аударатын дизайн құрастыруға немесе көрерменін (оқырманын) оңай жоғалтуға да болады. Ең алдымен, сөздік қорыңызды арнайы терминдермен толықтырыңыз. Әрине, құр жаттап алудан ешқандай пайда көрмейсіз. Оның мағынасына және қай жерде қолдануға болатынына мән беріңіз. Трекинг, кернинг және лидинг деген терминдерді зерттеңіз. Мысалы,  A Beautifully Illustrated Glossary Of Typographic Terms You Should Know мақаласы бұл терминдермен толыққанды танысуға мүмкіндік береді. 

Веб әлемінде типографиканы қолдану негіздерін меңгеру үшін Web Typography: The Elements of Typographic Style Applied to the Web атты мақалалар жиынтығын оқуға кеңес береміз.

Шрифттердің өзара үйлесімділігіне де аса мән берген дұрыс. Бұл бағытты жетілдіру үшін де ғаламторда мынандай ресурстар бар:
1. Typewolf
2. Fontpair

#2 Тепе-теңдікті сақтау үшін кеңістікті қолданыңыз:
Кеңістік горизонталь және вертикаль түрде дизайндағы тепе-теңдікті қалыптастыруға септігін тигізеді. Бос кеңістік дизайн элементтерінің арасында байланыс орнатушы қызметін атқарады. 

Behance және Dribbble секілді сайттар арқылы өзгелердің жұмысын бақылай отырып, олардың тәжирибесін іс жүзінде қолданып, сабақ алуға болады. Дегенмен, адамның ішкі түйсігінен артық көмекші жоқ екенін де естен шығармаңыз.
Типографиканы зерттеу барысында шрифттер арасындағы кеңістіктің де маңызды екенін аңғарған шығарсыз. Кернинг және лидинг баптауларын ретке келтіру – бос кеңістікпен жұмыс жасауды жетілдіруге мүмкіндік беретін жаттығу. Сондықтан, KernType ойынына уақыт табуға кеңес береміз. Бұл ойында өзіңіздің кернинг нұсқаңызды кәсіби мамандардың ұсыныстарымен салыстырасыз.

#3 Көрнекі сатының (Визуальная иеарихия) негізі – өлшем.
Дизайн элементтерінің өлшемін құрастыру арқылы оқырман назарын белгілі бір бағытқа бұрасыз. Өлшеммен жұмыс істеу барысында тордан артық көмекші табылмайды. Олар өлшемдердің өзара қатынасын есептеп, әр элементтің маңызын ұғуға көмектеседі.

Элементтің өлшемін анықтаған соң, оны басқа парақшаларда да сол қалпында сақтаңыз. Өйкені, өлшемдерін үздіксіз өзгерту дизайнның әлі толыққанды аяқталмағанын және зерттелмегенін білдіреді.

#4 Ойыңызды жеткізу үшін сөзден бұрын түске мән беріңіз:
Дизайн әлемінде түстің ойнайтын рөлі – жоғары. Оның өзіне тән мағынасы бар, көңіл-күйге әсер етеді және дизайнға біртектілік береді.
• Палитраны таңдамастан бұрын сіздің дизайныңыздың негізі қай салаға бағытталғанына назар аударыңыз. Яғни, сайт сән саласы болса, минимализм бағытын ұстанғаныңыз дұрыс.
Аудиторияңызды анықтаңыз. Әр түрлі жастағы адамдар түсті түрліше қабылдайды. Олардың жеке талғамы, мәдениет ерекшелігі мен өмірлік тәжірибесіне байланысты түстерді қабылдауы өзгеріп отырады.
• Түсті палитраны таңдауда басты назарға алынатын нәрсе – қарапайымдылық. Ая (Фон) түсінің бейтарап болғаны дұрыс. Кейін негізгі және екінші реттік түстерді таңдайсыз. Өзіңіз үшін «қате түстер» мен «сәтті түстер» палитрасын құрастырып қойыңыз.

Түстер теориясын меңгерген соң, тәжірибе жасауға болады: Жаңа түстер палитрасын жасау барысында ашық түстермен жұмыс істеп көріңіз.

Бұл – жас дизайнер білуі тиіс негізгі ережелер. Үздік дизайнерлер өзіңіздің салаңызға ылғи күмәнмен қарауға кеңес береді. Осылайша оның әлі жетілдіретін тұсы барын ұмытпай, әрдайым жұмыс істеумен боласыз. Дизайн саласы күн санап өзгереді. Сондықтан, соңғы трендтерге де назар аударып отырыңыз. Сәттілік тілейміз.