Nokia смартфоны енді 5 бірдей камераға ие

Nokia смартфоны енді 5 бірдей камераға ие
Фото: vkaseblog.pe.hu, twitter.com

Осыдан он жыл бұрын телефон нарығында айқын көшбасшы болған Nokia компаниясы соңғы жылдары үздіктер қатарынан ығысып қалған еді. Екінің бірінен табылатын кешегі Nokia телефондары, жіңішке қуаттағыштар бүгінде көмескіленіп кеткен. Компания бұрынғы тұтынушысымен қайта қауышу үшін нарыққа өзгеше ерекшелікпен енбек. «Бір камера жақсы, бесеу одан да жақсы» деп ұрандаған компания бес бірдей камераға ие Nokia флагмандық смартфондарын құрастырып жатыр.

Бұндай ерекшелікпен болашақта сатылымға шығатын телефон – Nokia 9 деп аталады. Смартфонның артқы бөлігінде 7 «көзше» орналасқан. Оның бесеуінде камера, қалған екеуінің біреуінде жарқылдақ орналастырылған. Ал жетінші көздің қандай қызмет атқаратыны әлі нақты хабарланған жоқ. Желідегі пікірлерге, инсайдерлер хабарламаларына сүйенер болсақ, жетінші көзшеде сенсорлы түйме орналасуы мүмкін.

Бұл смартфон туралы ресми хабарламалар жарияланбағандықтан, оның сатылымға шығу уақыты, нақты бағасы белгісіз. Суреттегі Nokia 9 флагманы сынақтан өткізу мақсатында тамыз айының 30 күні зауыттан шыққан.

А. Қажиев