Смартфон нарығындағы соңғы жаңалықтар

Смартфон нарығындағы соңғы жаңалықтар
Фото: supersmall.ru

Ай емес апта сайын смартфон жайлы сан мың жаңалық тарайды. Соңғы уақыттағы өзекті тақырыптар қатарында: жаңа iPhone смартфондарының жарыққа шығуы, Samsung Galaxy note 9-дың ерекше функциялары, қытайлық компаниялардың смартфондарының аса көп мөлшерде сатылымға шығуы.

Apple компаниясы су жаңа iPhone смартфондарын қай күні таныстырады?

Осыған дейін хабарлағандай, алдағы уақытта iPhone смартфондарының 3 бірдей моделі қатар шықпақ. Apple компаниясы таныстырылым өтетін уақытты ресми түрде мәлімдемесе де америкалық журналистер болжаммен бұл кеш қай күні өтетінін хабарлады. CNEТ порталының жорамалы бойынша, шара 11 немесе 12 қыркүйекте өтеді. Себебі, Apple компаниясы барлық танысытырылымын дәстүрлі түрде қыркүйек айында ұйымдастырады. «11 немесе 12 күні болады» деген болжамға келер болсақ, Apple аптаның сейсенбі мен сәрсенбі күндерін жақсы көреді. Компания осы күндері ең маңызды шараларды ұйымдастырып, шешімдерді 11, 12 күні шығарады. Танысытырылым қыркүйектің 4, 5 күндерінде де ұйымдастырылуы ықтимал деген нұсқа болған. Алайда, бұл уақытта АҚШ-та Еңбек күні тойланатындықтан, компания таныстырылымды бұл уақытқа қоймайтыны анық деп түйді тілшілер.

Бұл әрине, америкалық журналистердің болжамы ғана. Компания жаңа смартфондарын нақты қай күні таныстыратынын ресми түрде тамыздың соңында немесе күз маусымының алғашқы күндерінде хабарлайтын болады.

Жаңа iPhone X Plus жарыққа шыққан соң iPad керексіз болып қалуы мүмкін

Келесі айда жарыққа шығатын iPhone X Plus смартфонының дисплейі 6,5 дюйм құрайды екен. iPhone смартфондарының экраны осы уақытқа дейін бұндай ірі көлемде жасалған емес. Бұл смартфонның дисплейі үлкен болғандықтан, оны планшет ретінде қолдануға болады.

Жаңа iPhone смартфондарына енді екі сим-карта салынады

iPhone смартфонының тарихында екі сим-картаға арналған слот болған емес. Алайда, қытайлық компаниялар тұтынушыға осы тиімділікті ұсыну арқылы өз телефондарын нарыққа енгізіп, бүгінде сол өнімдер үздік құрылғылар қатарына да енді. Apple компаниясының бұл әрекетке баруына тұтынушылар тарапынан жазылатын пікірлер әсер еткенге ұқсайды. Себебі, сатып алушылар, тек бір ғана сим-картаға арналған слот еркін жұмыс істеуге кедергі келтіретінін жиі жазады.

Samsung Galaxy note 9 смартфоныны 1 терабайттық жадпен жұмыс жасайды

Желіде бұл флагманның бейнеролигі тарап, ол жайлы тұтынушылар пікірі көптеп жазылуда. Бейнероликтегі ақпарат бойынша, бұл құрылғының ішкі жады 1 терабайтты құрайды. Одан бөлек, microSD арқылы тағы 512 мегабайт жад орналастыруға болады. Бұл флагман ресми түрде 9 тамыз күні таныстырылмақ.

А. Қажиев